Ақмола облыстық Ш. Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында өңірдің 200 оқушысына арналған «Емтихан» («Құрметті Елена Сергеевна») драмасының тегін көрсетілімі өтті. Шара Мемлекет басшысы ұсынған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталды.
2021 жылғы 8 желтоқсанда премьерасы өткен спектакль бүгінгі жасөспірімдер ортасында өзекті болып отырған мәселелерді көтереді. Қойылымның негізгі өзегінде – бағаны қандай жолмен болса да түзеткісі келетін оқушылар мен қиын өмірлік жағдайда қалған мұғалім арасындағы психологиялық қақтығыс жатыр. Ұрпақтар арасындағы қайшылық арқылы спектакль көрерменді моральдық таңдау, жеке жауапкершілік және рұқсат етілетін шектің қайда аяқталатыны туралы ойлануға жетелейді.
Ақмола облысы прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекович спектакльдің тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды:
«Қойылымның негізгі мақсаты – мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, сондай-ақ жастардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыру. Оқушыларға үлкенге құрметпен қарау мен өмірлік жағдайлардан дұрыс қорытынды шығара білудің маңызын жеткізу аса маңызды», – деді ол.
Театрдың көркемдік жетекшісі Анарбек Қыдырбайдың айтуынша, «Емтихан» – театр репертуарындағы ең сұранысқа ие қойылымдардың бірі.
«Бұл спектакль ұрпақтар арасындағы түсінбеушілік пен оқушы мен ұстаз арасындағы күрделі қарым-қатынасты ашады. Оны ата-аналар балаларымен бірге көріп, кейін талқылағаны өте пайдалы. Бүгінгі жастарды қалай тәрбиелесек, ертеңгі қоғамның келбеті де соған байланысты болады», – деп атап өтті ол.
Қойылымда актерлер Майра Бақытқызы, Асланбек Шайсұлтанов, Әсем Шайсұлтанова, Намыс Мақсатұлы және Жалғас Туйгунбеков өнер көрсетті. Спектакль Ақмола облысы мәдениет басқармасының қолдауымен өтіп, жастардың құқықтық әрі рухани мәдениетін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігіне айналды.
№9 мектептің 10-сынып оқушысы Камилла Сағындық алған әсерімен бөлісті:
«Спектакль тәртіп пен жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Әр оқушы өзіне пайдалы ой түйді деп ойлаймын», – деді ол.
Мұндай мәдени-ағартушылық бастамалар жастардың заңға, мектепке және қоғамға саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Театр эмоциялық әсер мен терең мағынаны ұштастыра отырып, ұрпақтар арасындағы диалог пен тәрбиенің тиімді құралына айналып отыр.



