Ақмола облысында цифрлық технологиялар аймақтың ауыл шаруашылығынан бастап медицина мен қауіпсіздік салаларына дейін біртіндеп енгізіліп келеді. Өткен жылы өңірде деректерді біріктіруге және мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ірі жобалар іске қосылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Байборанов мәлімдеді.
Брифинг барысында облыста цифрлық трансформацияның негізгі тірегі саналатын Digital Aqmola орталығы табысты жұмыс істеп жатқаны айтылды. Аталған орталық аймақтың бірыңғай IT-архитектурасы мен экожүйесінің өзегіне айналып, деректер платформасын, ситуациялық орталықты және Ai-Komek (109/112) бірыңғай байланыс орталығын біріктіріп отыр. Аталған платформа экономика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, медицина және ауыл шаруашылығы секілді негізгі салалардан келіп түсетін деректерді бір жүйеге жинақтайды.
–2025 жылы орталық арқылы 40 мыңнан астам өтініш қабылданды. Барлық деректер ведомствоаралық деңгейде жинақталып, басқарушылық шешімдер қабылдау, ашықтықты арттыру және болжау жасау мақсатында пайдаланылады, – деді Асылбек Байборанов.
Сонымен қатар, бүгінде Ақмола облысы ауыл шаруашылығы саласында жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін кеңінен қолдануды бірінші болып бастаған жетекші аймақтардың біріне айналып отыр. Брифинг барысында ауыл шаруашылығын цифрландыру бағытындағы жаңашыл жобаларға ерекше назар аударылғандығы тағы бір мәрте атап өтіліп, бұл жұмыстардың шын мәнінде пайдаға асқандығы айтылды. Асылбек Байборанов өз сөзінде жасанды интеллекті арқылы жерді мақсатты пайдалану деңгейін бағалауға болатынын жеткізді. Ал, мемлекеттік қолдау тетіктері «бір рет басу» қағидаты өз кезегінде мемлекеттік көмектің адал әрі тиімді жұмыс істейтін шаруашылықтарға бағытталуын қамтамасыз етеді. Спикердің айтуынша, «Дихан плюс» пилоттық жобасы өндірістік циклдерді жасанды интеллекті арқылы талдау нәтижесінде егін шығынының негізгі себептерін анықтауға мүмкіндік берген.
Брифингте мәлім болғанындай, аймақта жасанды интелекті арқылы қауіпсіздік пен мониторинг мәселелері де күшейтіле түскен. Облыста жедел басқару орталығының мүмкіндіктері кеңейтіліп, соңғы уақытта мың жаңа бейнебақылау камерасы орнатылып, 500-ден астам қолданыстағы камера бір жүйеге біріктірілген. Камералар құқық бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, көлік нөмірін, маркасы мен түсін анықтап, сондай-ақ, коммуналдық мәселелерді де жедел анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Бұдан бөлек, дрондар су тасқыны, орман және дала өрттері, заңсыз қоқыс орындары, жолдардың жағдайы мен жылудың ағытылуын бақылау үшін қолданылады. Қазіргі таңда 5 орман шаруашылығында орман өрттерін ерте анықтау жүйесі іске қосылып, алдағы уақытта оны облыстың барлық аудандарына енгізу жоспарланып отыр.
Ал, әлеуметтік салада цифрлық азық-түлік ваучерлері жобасы жүзеге асырылып, жоба аясында сауда желілері «Әлеуметтік әмиян» ақпараттық жүйесімен біріктіріліп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 5 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Қазіргі таңда бұл жоба Көкшетау және Ақкөл қалаларында іске асырылып жатыр.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласына да жасанды интеллект технологиялары енгізілуде. 2025 жылдың желтоқсан айында облыстық көпсалалы аурухана мен Атбасар ауданаралық ауруханасында инсультті ерте анықтауға арналған Cerebra AI жүйесі іске қосылған. Алғашқы апталарда жүйе 64 компьютерлік томография зерттеуін талдаған. Сондай-ақ, бұл платформа медициналық құжат айналымын автоматтандырып, дәрігердің жүктемесін 40 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік беруде. Пилоттық жоба Ақкөл, Қосшы, Көкшетау және Степногорск қалаларында 22 дәрігердің қатысуымен жүзеге асырылуда.
Брифингте байланыс және интернет инфрақұрылымын дамыту мәселесі де қозғалды. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында 15 5G базалық станциясы іске қосылып, жоспар 15 пайызға артығымен орындалған. Сонымен қатар, 37 ауыл OneWeb жүйесі арқылы тегін қоғамдық Wi-Fi желісіне, ал, 24 ауыл Starlink спутниктік интернетіне қосылған.
Цифрлық кадрларды даярлау бағытында Aqmola Hub алаңы белсенді жұмыс істеп келеді. 2025 жылы мұнда бағдарламалау, деректерді талдау және жасанды интеллект бағыттары бойынша 80-нен астам іс-шара өткізіліп, 2700-ден астам адам қамтылған. Брифинг соңында Асылбек Байборанов облыста цифрландыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын атап өтіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге әрі қарай да жасанды интелектінің мүмкіндіктерін кеңінен қолдану жалғаса беретінін жеткізді.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ.



