Степногорск қаласында екі ірі көлік магистралын жаңарту жұмыстары аяқталу сәтіне жақындады. Бұл жобалар қаланың көлік инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Қала тұрғындары көптен күткен нысандардың бірі – ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын, Мира және Сарыарқа көшелерін байланыстыратын Новосибирская көшесі. Қазірдің өзінде бұл көшенің келбеті айтарлықтай өзгерген. Дәл осындай жұмыстар ұзындығы 1,6 шақырым болатын Парковая ауданын 20-шағын ауданмен жалғайтын Степная көшесінде де жүргізілуде. Қазіргі уақытта акимат мамандары жаңартылған учаскелердің жол жабыны мен техникалық параметрлерінің сапасына финалдық тексеру жүргізіп жатыр.
Қала тұрғындары оң өзгерістерді қазірдің өзінде сезініп отыр.
«Бұрын Новосибирская көшесімен жүру өте қиын болатын – әрбір шұңқырда машина шайқалып кететін. Қазір жол тегіс. Өте ыңғайлы әрі қауіпсіз болды. Бұрын бұл жерде ойықтар, шалшықтар көп еді, әсіресе жаңбырдан кейін. Енді бәрі басқаша – балалар да жолды қауіпсіз кесіп өте алады», – деп бөлісті қала тұрғыны.
Подрядтық ұйым өкілдері жүргізілген жұмыстардың сапасына ерекше назар аударылғанын атап өтті.
«Біздің міндет – жолдың ұзақ мерзімді қызмет етуін қамтамасыз ету. Біз тек асфальт төсеп қойған жоқпыз, әрбір кезеңді мұқият бақылап отырдық. Осылайша жабыны берік әрі қауіпсіз болуы үшін бар күшімізді салдық», – дейді жол қызметтерінің өкілдері.
Акиматтың мәліметінше, көшелерді реконструкциялау қаланың көлік қолжетімділігін айтарлықтай арттырады және қозғалыс жүктемесін азайтады. Жақын күндері Новосибирская көшесінің қалған учаскелерін жаңарту жұмыстары аяқталып, 20-шағын ауданмен толыққанды әрі ыңғайлы көлік байланысы қамтамасыз етілмек. Қалған жұмыстар қажетті рәсімдерден өткеннен кейін және қаржыландыру бекітілген соң жүзеге асырылады.



