spot_img
Бейсенбі, Қараша 13, 2025
-5.9 C
Kokshetau

Ақмола облысы – Қазақстанның жаңа денсаулық сақтау үлгісін қалыптастырып жатқан өңір

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысында денсаулық сақтау жүйесі жаңа сапалық деңгейге көтерілуде. Бұрынғыдай жекелеген нысандарды жөндеумен шектелмей, өңірдің барлық ауданында медициналық көмектің қолжетімділігін түбегейлі өзгертетін жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында облыста 38 жаңа нысан – дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік пункттер салынды. Бұдан бөлек, ұлттық жоба шеңберінен тыс тағы 5 медициналық нысан пайдалануға берілді. Бұл ондаған шағын ауылдар үшін тек инфрақұрылымның жаңаруы ғана емес, тұрақты медициналық көмектің алғаш рет қолжетімді болуы дегенді білдіреді. Енді 130 мыңнан астам ақмолалық өз ауылында дәрігерге қарала алады, аудан орталығына қатынаудың қажеті жоқ.

Өңірдің медициналық келбетін түбегейлі өзгертетін ең ірі жоба -Көкшетаудағы көпсалалы аурухана құрылысы. Қуаттылығы 630 төсек-орын болатын бұл нысан еліміздің солтүстігінде халықаралық деңгейдегі алғашқы клиника болмақ. Құрылысы 2025–2027 жылдарға жоспарланған. Мұнда 2 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Ал дәрігерлердің бір бөлігі қазірдің өзінде шетелде тағылымдамадан өтуде: жыл соңына дейін жобаның серіктесі Renal Kokshetau компаниясы 50 ақмолалық дәрігерді Түркияға тәжірибе алмасуға жібереді.

«Бұл аурухана Қазақстанда теңдесі жоқ халықаралық деңгейдегі бірегей клиникаға айналады. Мұнда солтүстік өңір тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетіледі», – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Көкшетаудағы аурухана тек Ақмола облысының ғана емес, көршілес аймақтардың да тұрғындарына жоғары мамандандырылған көмек көрсететін аймақтық медициналық орталық болмақ.

Сонымен қатар, елорда маңындағы Қосшы қаласында заманауи көпсалалы аурухана мен емхана құрылысы аяқталуға жақын. Нысанның қуаттылығы – 350 төсек-орын және тәулігіне 1000 адам қабылдау, ол қала тұрғындарымен қатар жеті жақын аудан халқын да қамтитын болады. Мұнда 1700 жуық адам еңбек етеді.

«Алдағы жылдың қаңтар айында аурухана алғашқы пациенттерді қабылдай бастайды. Жыл соңына дейін ішкі әрлеу жұмыстары мен медициналық жабдықтар мен жиһаз орнату толық аяқталады. Ал негізгі 350 төсектік корпустың ашылуы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына жоспарланған», – деді Марат Ахметжанов.

Айта кетейік, биыл Степняк қаласында заманауи медициналық кешеннің құрылысы аяқталды. Онда ауысымына 200 адам қабылдайтын емхана мен 45 төсектік аурухана біріктірілген. Бұл шағын қала үшін ерекше оқиға – енді тұрғындар алғаш рет өз қаласында толық диагностика мен ем қабылдай алады.

Бұл жобалардың ауқымы мен жүйелілігі Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесі енді жекелеген нысандар жиынтығы емес, біртұтас және үйлесімді қызмет ететін медициналық инфрақұрылымға айналып келе жатқанын айқын көрсетеді.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Ақмола облысы: цифрландыру – жаңа басқару ісінің негізі

Ақмола облысында бірыңғай цифрлық архитектураны құруға және деректерге негізделген басқаруға көшуге бағытталған Цифрландыру стратегиясы бекітілді. Бұл туралы Ақмола облысының...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Яндекс.Метрика