«Осылайша, біз бәріміз Қазақстан азаматтарының жасампаз рухын сыйлауымыз керек. Мұндай игі үрдісті жан-жақты қолдау қажет. Ел мүддесі үшін биік мақсаттарға ұмтылыс ұлттық болмысымызға тән қасиет болуы керек. Армандау, алға мақсат қою – өте дұрыс.
Алайда қазіргі заман нақты іс-әрекеттің уақыты екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан елге пайдалы, болашаққа қажет істермен айналысу керек. Сөз жүзінде емес, іс жүзіндегі отаншылдық, яғни нағыз патриотизм дегеніміз – осы.
Қазір еліміз аса күрделі жолдың басында ғана тұр. Біз бір ел болып, бір-бірімізді қолдауымыз керек, көреалмаушылық, қызғаныш сияқты теріс әдеттерден арылған жөн.
Қазақстанды күшті және дамыған озық ел ету – тек өз қолымызда. Оған біздің мүмкіндігіміз де, әлеуетіміз де жетеді: экономикамыз – орнықты, жеріміз – берекелі, жарқын болашаққа деген сеніміміз – зор, ал азаматтарымыз, әрине, өте дарынды және қабілетті».



