Көкшетау қаласындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Асыл арман» ЖШС базасында «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Өндіріс жүрегі – жұмысшы маман» атты облыстық форум өтті.
Іс-шара биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өткізіліп, форумға өңірдің 13 жетекші колледжі қатысты. Ауқымды шараға 100-ден астам студент жиналды. Полиэтилен қаптарын шығаратын «Асыл арман» кәсіпорнының жетекшісі Серік Керуенбаев жастарға өндіріс бағыты туралы кеңінен әңгімелеп, өз еңбек жолынан тәжірибесімен бөлісті.
Форум барысында «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов іс-шараның басты мақсатына тоқталып, «Бүгін бұл жерде мықты, бәсекеге қабілетті әрі технологиялық тұрғыдан дамыған Қазақстанды қалыптастыратын жастар жиналып отыр. Елімізде халықтың үштен бірі — жастар, азаматтардың орташа жасы — 32 жас, әрі бұл көрсеткіш өсіп келеді. Сондықтан Мемлекет басшысының Жұмысшы мамандықтар жылын жариялауы — бұл бағыттағы беделді арттыру мен техникалық мамандықтарды жастар арасында танымал ету үшін маңызды қадам болды», — деп атап өтті.
Форум аясында облыстың түкпір-түкпірінен келген студенттерге полиэтилен қаптарын тігетін фабриканың цехтары таныстырылды. Цех жетекшілері экскурсия ұйымдастырып, шеберлік сабақтарын өткізді. Сонымен қатар «Асыл арман» ЖШС, «Жастар рухы» облыстық филиалы және кәсіби білім беретін колледждер арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ, Ақмола облысы әкімінің орынбасары А. Әміренова, Көкшетау қаласының әкімі А. Күмпекеев және партияның облыстық филиалының төрағасы Б. Беспалиновтың атынан еңбекте ерекше көзге түскен цех жұмысшыларына, тігіншілерге және кәсіпорын мамандарына арнайы алғыс хаттар табысталды.
«Асыл арман» ЖШС Ақмола өңірінде 2002 жылдан бері табысты жұмыс істеп келе жатқан ірі кәсіпорын. Бүгінде кәсіпорын 900-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып, полиэтилен қаптары мен полимер қаптамаларын алыс және жақын шетелдерге экспорттайды.