ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы берген тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет экономиканың тұрақты дамуы үшін негіз қалыптастыратын цифрлық технологияларды енгізу бойынша қарқынды жұмыс жүргізуде.
Оны ҚР Премьер-министрінің басшылығымен арнайы құрылған Цифрлық штаб үйлестіреді. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, IT-индустрия, жасанды интеллект, өңірлерді интернет байланыспен қамтамасыз ету және тағы да басқа салаларда тұрақты прогресс байқалады.
Жасанды интеллект: стратегиядан жүзеге асыруға дейін
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жасанды интеллект экожүйесін дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Бірінші кезекте тиісті заңнамалық базаны құруға көңіл бөлінеді. Сенатта технологияларды қауіпсіз және тиімді дамытудың құқықтық негіздерін қалыптастыруға бағытталған «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы қаралуда.
Биылғы қазан айында маңызды оқиға – идеялар мен инновациялар фабрикасы болуға арналған халықаралық Alem.AI ЖИ орталығының ашылуы болды. Мұнда әртүрлі халықаралық компаниялар ұсынылады. Alem.AI ғылыми зерттеулер, стартаптар және ЖИ саласындағы халықаралық ынтымақтастық үшін негізгі платформа болуға тиіс. Орталықтың қызметі цифрландыру саласындағы қазақстандық шешімдердің экспортын кеңейтуді қамтамасыз етеді, бұл технологиялық және экономикалық өсуге серпін береді. Келешекте Қазақстан Орталық Азияның зияткерлік хабына айналуы тиіс.
Сонымен қатар 5 жыл ішінде 1 млн азаматты жасанды интеллект негіздеріне оқыту жоспарлануда. Еліміздің 20 жоғары оқу орнында тиісті білім беру бағдарламалары енгізілді.