Іс-шара «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасымен ұйымдастырылып, әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға және әлеуметтік бастамаларды ілгерілетуге бағытталды.
Семинарға Атбасар, Жақсы, Жарқайың, Есіл және Сандықтау аудандарынан мәслихат депутаттары, партия белсенділері және Әйелдер қанатының көшбасшылары қатысты.
«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Әлімбетова Әйелдер қанаты жұмысының негізгі бағыттарымен таныстырып, әйелдердің денсаулығы мен жеке өміріне түрлі тәуелділіктердің әсері туралы баяндама жасады.
Ақмола облыстық полиция департаментінің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес инспекторы Айдана Қайратова өңірде жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыс пен әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шаралары туралы айтып өтті.
Семинар барысында облыстың әртүрлі аудандарынан келген әйелдер өз ой-пікірлері мен тәжірибелерімен бөлісіп, әйелдердің қоғамдық және саяси өмірге белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараның практикалық бөлімінде көшбасшылық қасиеттер мен тиімді коммуникациялық дағдыларды дамытуға арналған тренингтер мен іскерлік ойындар өткізілді. Оларды бизнес-тренер, жоба менеджері әрі кәсіпкер Жанар Серікқызы Нұрғожина мен «Әйелдер нұры» қоғамдық бірлестігінің директоры Оксана Олеговна Волкова-Михальская жүргізді.
Семинар соңында қатысушылар Отбасыны қолдау орталығы мен Ілияс Есенберлин музейіне барып, әйелдер бастамаларын дамыту перспективаларын талқылап, пікір алмасты.
Бұл семинар өңірдегі әйелдер көшбасшылығын ілгерілетуге, өзара ынтымақтастықты нығайтуға және тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналды.