«АМАNАТ» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев Көкшетау қаласына жұмыс сапары барысында Ақмола облысының аудан және ауылдық округтердің әкімдерімен кездесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының жергілікті деңгейде жүзеге асырылу барысын талқылады. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан қатысты.
Кездесуде «АМАNАТ» партиясынан сайланған аудан және ауыл әкімдері баяндама жасады. Шортанды ауданының әкімі С.Шабаров «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша биыл 15 кәсіпкерге жалпы сомасы 134,3 миллион теңгенің жеңілдетілген несиесі берілгенін хабарлады. Қаражат мал шаруашылығын дамытуға, қайта өңдеу орындарын ашуға, ауыл шаруашылығы техникаларын алуға жұмсалған. Соның нәтижесінде аудандағы шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны былтырға қарағанда 1500-ге дейін өскен.
Зеренді ауданының әкімі А.Құрманғожин «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 353 млн теңгені құрайтын 51 өтініш мақұлданғанын жеткізді. Оның ішінде 38 жоба мал шаруашылығы саласына тиесілі. Жылқы шаруашылығына – 12, ірі қараға – 25, қой шаруашылығына – бір өтініш түскен. Бұл жобалар аясында он жаңа жұмыс орны ашылған.
Жиын барасында ауылдық округтер де өз тәжірибелерімен бөлісті. Зеренді ауданындағы Айдабол ауылының әкімі Н.Водовозов «Ауыл аманаты» бағдарламасын дамыту үшін мал азығын дайындау ісін жолға қойып, жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарын бағдарламаға қосу қажеттігін атап өтті.
Жақсы ауданы Қызылсай ауылдық округінің әкімі С.Ахметов «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алу үшін ауыл тұрғындарының мүлкінің төмен бағалануы мал шаруашылығын дамытуға қаражат алуды қиындататынын атап өтті. Шешім ретінде қаржы институттары арқылы кепілге кепілдік беру механизмін енгізуді ұсынды.
Жиынды қорытындылай келе, «АМАNАТ» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының нағыз ауылды қолдау құралына айналғанын атап өтті.
Жиын барасында көтерілген барлық ұсыныстар мен мәселелер, сондай-ақ ұсынылған шешімдер назарға алынды және одан әрі дамыту және қолдау үшін тиісті мемлекеттік органдар мен партиялық құрылымдарға жолданатын болады.
«АМАNАТ» партиясының
Ақмола облыстық филиалы.