Биылғы жылдың тоғыз айында Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 932 өтініш түсті. Бұл туралы брифинг барысында департамент басшысының орынбасары Самат Сайдалин хабарлады.
Басшы орынбасарының мәлімдеуінше 628 өтініш бойынша азаматтардың құқықтары қорғалған. 175 жағдайда түсініктемелер беріліп, қалғандары қайта бағытталып немесе қайтарылды. Нәтижесінде тұрғындарға ақшалай қаражаттарын қайтарып алуға көмек көрсетілді.
Жоспардан тыс тексерулердің қорытындысы бойынша 20 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы жеті кәсіпкер қайталап айыппұл арқалады.
«Негізгі құқық бұзушылықтар тұтынушының шағымына белгіленген мерзімде жауап бермеумен байланысты. Сонымен қатар сауда орындарында уәкілетті органдар туралы ақпарат жиі көрсетілмейді. Бұл азаматтардың өз құқықтарын дер кезінде қорғауына кедергі келтіреді», – деді Самат Сайдалин.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылауға ерекше көңіл бөлінуде. 174 заңбұзушылық анықталып, тексеру қорытындысы бойынша 167 кәсіпкерге айыппұл салынды.
Нарықты тұрақтандыру мақсатында өңірде «Береке Fest» акциясы іске асырылып жатыр. Ол сауда үстемелерін төмендетіп, шаруалардан дүкендерге тікелей жеткізуді жолға қоюға мүмкіндік беруде.
Сонымен қатар, департамент ақпараттық жұмыстарды да белсенді жүргізуде. Биылдың өзінде әлеуметтік желілерде 900-ге жуық материал жарияланып, брифингтер, кеңестер мен дөңгелек үстелдер өткізілген.
«Сапалы өнім» жобасы аясында азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар тексерілуде. 28 үлгінің тек бесеуі ғана стандарттарға толық сәйкес келген, ал кейбір өнімдердің мерзімі өтіп кеткен немесе таңбалау талаптары сақталмағаны анықталды.
Бұдан бөлек, биылғы өнім есебінен аймақ көкөніс қорын толық қамтамасыз етті. 9 мың тоннадан астам өнім жиналып, бағаны тұрақтандыру үшін облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Осы өнімдер ірі сауда желілері мен әлеуметтік дүкендер арқылы сатылып жатыр.