Көкшетауда саяси партиялар басын қосқан тарихи кездесу өтті. Көкше төрінде ұйымдастырылған ерекше саяси белсенділікке толы, ел болашағы үшін маңызды жиын Президент Жолдауы жөнінде өрбіді. Ақмола облыстық «Байтақ» жасылдар партиясының бастамасымен және облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған «Біз Президент реформасын қолдаймыз!» атты дөңгелек үстел еліміздегі жетекші саяси партиялар өкілдерінің басын қосты.
Бұл жиын – тек пікір алмасу алаңы ғана емес, елдік мүддені ортақ арнаға тоғыстырған бірлік пен өзара түсіністіктің айқын көрінісі болды. Дөңгелек үстелге «AMANAT», «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Ауыл», «Республика» және «Байтақ» жасылдар партиясының өңірлік филиал басшылары қатысты. Сонымен қатар, жиынға «Қоғамдық келісім» КММ директоры Қуаныш Шақшақов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, партиялардың саяси кеңес мүшелері Герихан Яндиев, Геннадий Осиненко, Игорь Барыбин, Абзал Алпысбайұлы, Дахан Шөгшір, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де келді.
Реформа – әділетті Қазақстанның темірқазығы
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында көтерілген саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық реформалар кеңінен талқыланды. Қатысушылар реформалардың әр бағытына жеке-жеке тоқталып, олардың қоғамды жаңғыртудағы, халықтың әл-ауқатын арттырудағы және әділеттілікті ту еткен жаңа мемлекеттік басқару үлгісін қалыптастырудағы рөліне ерекше мән берді.
Әсіресе, жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық трансформация, экологиялық қауіпсіздік, әлеуметтік әділеттілік, жастарды қолдау, білім мен ғылымды ілгерілету секілді мәселелер қызу талқыланып, әр партия өз ұстанымын ортаға салды.
Ортақ мүдде – өркенді ел болашағы
Саяси партиялар өкілдерінің мұндай кең ауқымды басқосуы Ақмола өңірінде алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өткен жөн. Бұл – өңірдегі саяси мәдениеттің өсіп, елдік мәселелер төңірегінде кең ауқымды диалог орнай бастағанының нақты дәлелі.
Кездесу соңында қатысушылар бірлескен резолюция қабылдап, Президент реформаларын қолдау жолында күш біріктіруге, алдағы уақытта Жолдаудың мән-маңызын сайлаушылар арасында кеңінен түсіндіруге уағдаласты.
«Байтақ» бастамасы – саяси жаңғырудың айғағы
«Байтақ» жасылдар партиясының Ақмола облыстық филиалы осындай ауқымды, елдік мәні зор диалог алаңын ұйымдастырып, саяси партиялар арасындағы өзара сенім мен құрметті нығайтуда маңызды қадам жасады. Бұл бастама өз нәтижесін берері сөзсіз.
Президент реформаларын халыққа түсіндіру – бұл тек үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетшілдік сана мен азаматтық жауапкершілікті арттыру жолындағы ізгі қадам. Елдік іске жұмылған әр партия – әділетті қоғамды құру жолында өз үлесін қосып жатыелгенде, Көкшетауда өткен бұл дөңгелек үстел – ел бірлігінің, саяси мәдениеттің, халық пен билік арасындағы ашық диалогтың символына айналды. Осындай қадамдар арқылы ғана біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына негізделген Жаңа Қазақстанды бірлесе құра аламыз.