spot_img
Жұма, Қыркүйек 12, 2025
11.2 C
Kokshetau

Адам өмірі ең басты құндылық

Сондай-ақ...оқыңыз

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Бақыт Абланов шомылу маусымының аяқталып, аңшылық пен балық аулау маусымының басталуына байланысты брифинг өткізді.

1 қыркүйектен бастап елімізде ресми түрде шомылу маусымы аяқталды. Биылғы маусымда Ақмола өңірінде жүргізілген жүйелі профилактикалық шаралардың арқасында суға түсу кезінде орын алатын қайғылы оқиғалар өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайғанымен, өкінішке орай биыл 19 адам ажал құшқан. Оның үшеуі кәмелет жасына толмаған балалар.

Жазғы маусымда Ақмола облысында 74 ресми суға шомылу орны жұмыс істеді. Оның 12-і коммуналдық, 62-сі жекеменшік нысандар болды. Жыл сайын су айдындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында департамент қызметкерлері ауқымды жұмыс жүргізеді. Биылғы маусымда Бурабай, Щучье, Үлкен Шабақты, Зеренді, Қопа көлдерінде және ірі су айдындарында кезекшіліктер ұйымдастырылды. Жағалаудағы демалыс аймақтарында жедел алдын алу шаралары жүргізіліп, профилактикалық әңгімелер мен түсіндірме жұмыстары күшейтілді.

–Департамент қызметкерлері тек дәстүрлі әдістермен шектелмей, заманауи технологиялар мен жаңашыл тәсілдерді де пайдаланды. Мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-әрекеті, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізілген ауқымды түсіндіру шаралары өз нәтижесін берді. Соның арқасында биыл суға кеткендер саны өткен жылмен салыстырғанда 46,2 пайызға азайды, – дейді басқарма бастығы брифинг барысында.

Спикердің айтуынша, азаматтардың су айдындарындағы өліміне себеп болған жайттар көбінесе, бейқамдық пен салғырттықтан болған. Сондай-ақ, алкогольдік ішімдік ішу, балаларды қараусыз қалдыру, өз күшін дұрыс бағаламау, құтқару кезінде қауіпсіздікті ескермеу сияқты әркеттер де ажалға айдап апаратын негізгі себептер болып отыр.

Енді балық аулау мен аңшылық кезеңінде қауіпсіздік мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Өйткені табиғатпен үндесу тек тынығу ғана емес, өз өмірін сақтау мәдениеті екені даусыз. Бұл кезеңде де адам өміріне қауіп төнетіні ақиқат. Көп жағдайда қайғылы оқиғалар қайықтардың аударылуынан, жеке құтқару құралдарын пайдаланбаудан орын алады.

Брифинг барысында басқарма бастығы соңғы 4 жылда күзгі аңшылық пен балық аулау маусымында 10 адамның өмірі қиылғанын айтты. Оның айтуынша, адам өмірін сақтап қалу үшін департамент тарапы тың тәсілдерге жүгінуде. Қазіргі таңда аңшылар мен балықшылардың арасында WhatsApp мобильді қосымшасында арнайы топтар құрылып, онда үнемі қауіпсіздікке қатысты нұсқаулықтар мен ұсыныстар жіберіліп тұрады.

Сонымен қатар, облыстағы 50-ден астам аңшылық-балықшылық дүкендерімен, 58 ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған. Сауда орындарына келушілерге арнайы жадынамалар таратылып, сатушылар да негізгі қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді. Бұл – халықпен байланысудың тиімді жолдарының бірі болып отыр.

Әрбір рейдтік іс-шаралар кезінде заң бұзушыларға қатысты қатаң шаралар да қолданылған. Жыл басынан бері су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзған 47 азамат әкімшілік кодекстің 412-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылыпты.

Брифинг соңында басқарма бастығы аймақ тұрғындарына қауіпсіздіктің қарапайым қағидаларын сақтап, өз өміріне жауапкершілікпен қарауды еске салды.

–Әсіресе, қайықты пайдаланатын әуесқой балықшылар қайыққа мінер алдында оның жарамдылығын тексеріп, ескек пен құтқару құралдарының бар екеніне көз жеткізуі тиіс.Қайықта отырғандардың барлығы құтқару жилеттерін киюі міндетті. Сондай-ақ, қайықтың бортында тұруға, оны шайқауға немесе бір қайықтан екіншісіне өтуге болмайды. Қараңғы уақытта балық аулауға шықпаған жөн. Ең бастысы спирттік ішімдіктерден мүлде бас тарту қажет. Өмір – ең басты құндылық, – деп аяқтады басқарма бастығы өз сөзін.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Тіл тұғырынан түспеуі өз қолымызда

Көкшетауда «Тіл үйретудегі инновациялық әдістер: теориядан тәжірибеге» атты өңірлік конференция өтті. Оған лингвист ғалымдар, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері, ...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Яндекс.Метрика