Ақмола облысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – тәулік бойы тынымсыз еңбек пен жедел әрекетті талап ететін күрделі сала. Бұл міндетті өз мойнына алған Жедел басқару орталығы (ЖБО) қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықтарға дер кезінде әрекет ету және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында үздіксіз жұмыс жүргізуде.
Жедел басқару орталығының мамандары кез келген құқық бұзушылықтың алдын алып, орын алған жағдайға дереу әрекет етуге міндетті. Қаладағы қоғамдық тәртіп пен ахуал тәулік бойы онлайн режимде бақылауда. Орталық қызметкерлері «102» жедел желісі арқылы келіп түсетін әрбір қоңырауды жіті қадағалап, тиісті шаралар қабылдайды. Қоңырау арнайы бөлімге тіркеліп, дыбыстық жазбасы жүргізіледі де, аға инспекторға жолданады. Ол өз кезегінде оқиғаның сипатына қарай полицияның кешенді күштерін оқиға орнына бағыттайды.
ЖБО бейнебақылау инспекторы Самат Ахметовтың айтуынша, бір тәулік ішінде шамамен 300-ге жуық қоңырау түседі. Бұл қаладағы тұрғындардың белсенділігін, сондай-ақ тәртіп сақшыларына деген сенімін көрсетеді.
«Полиция тәулік бойы үздіксіз қызмет етеді. Демалыс және мереке күндері жеке құрам күшейтілген режимде жұмыс істейді. Кезекшілік қызмет таңғы 7:30-да басталады. Қаруланып, сап түзейміз. Қаладағы жедел жағдай туралы ақпарат беріледі. Қызмет барысында әртүрлі жағдайлар орын алады, әр күн өзінше ерекше», – дейді инспектор.
Қала аумағында шамамен 300-ге жуық тұрақты және қозғалмалы бейнебақылау камерасы орнатылған. Олар қоғамдық орындардағы ахуалды бақылап қана қоймай, құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Жаз мезгілінде велосипед ұрлығы жиілей түсетіні байқалады. Себебі тұрғындар көбіне велосипедтерін құлыптамай, қараусыз қалдырып кетеді. Осындай жағдайларды камера арқылы бақылау – құқық бұзушыларды тез арада анықтауға сеп.
2025 жылы іске қосылған «Target Eye» бағдарламасы – бейнебақылау жүйесінің мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтерді. Аталған жүйе адам бет-әлпетін 99 пайыз дәлдікпен тануға қабілетті және бұл әсіресе сауда-ойын-сауық орталықтары сынды халық көп шоғырланған жерлерде аса маңызды.
Бағыттау инспекторы Ержан Әлібековтың айтуынша, орталықтың басты міндеттерінің бірі – қала бойынша полиция автопатрульдерінің қозғалысын бақылау.
«Әр автопатрульдің өз аумағы бар. Біз оларды GPS-карта арқылы нақты қадағалап отырамыз. Қаладағы ахуалды бақылау – біздің тікелей міндетіміз. Қылмыстарды жедел ашу үшін бейнебақылау мүмкіндіктерін тиімді пайдаланамыз. Сонымен қатар медицина мекемелерімен, төтенше жағдайлар қызметімен тығыз байланыстамыз», – дейді ол.
ЖБО қызметіндегі ең күрделі міндеттердің бірі – ауқымды ақпарат ағынын тиімді өңдеп, оны тиісті құрылымдарға шұғыл жеткізу. Орталықтың тиімді жұмысы – тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығының кепілі.
Жедел басқару орталығы – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі алдыңғы шеп. Тәртіп сақшыларының кәсібилігі, заманауи технологияларды пайдалану және үйлесімді іс-қимыл – өңірдегі тұрақтылық пен тәртіптің басты тірегі. Олар үшін әр күн – жаңа сынақ, ал басты мақсат – азаматтардың амандығы мен тыныштығы.