Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жазғы маусымда балалардың терезеден құлауына байланысты осындай жазатайым оқиғалардың алдын алуға арналған брифинг өтті.
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті алдын алу басқармасының аға инженері Данияр Карваев қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау талаптары туралы айтып, бала өміріне жеңіл-желпі қарамауға шақырды.
Соңғы жылдары балалардың терезеден құлап кету оқиғалары жиілеп кетті. Бұл қайғылы жағдайлардың басты себебі ата-аналардың сақтық шараларына жеткілікті мән бермеуінен туындап отыр. Брифинг барысында төтенше жағдайларлардың алдын алу басқармасының өкілі осы бір орны толмас қайғы-қасіреттің біздің аймағымызда да жиі орыналатынын айта келіп, ата-аналардың бүлдіршіндерінің қауіпсіздігін сақтауға байланысты департаментпен бекітілген талаптарды қатаң сақтауы жөнінде әңгіме өрбітті.
Оның мәліметінше, жыл басынан бері аймақта 10 бала терезеден құлап кеткен. Осыған орай, қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында осы уақытқа дейін департамент мамандары 9917 жадынама таратып, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйінің терезесіне 216 қорғаныс құралдарын орнатып алуына игі ықпал еткен.
Сонымен қатар, білім бөлімдері жиналыстар өткізіп, онда жас балаларға бақылауды күшейту бойынша ұсыныстар енгізілген. Брифинг барысында спикер мұндай оқиғалардың алдын алу үшін тұрғындарға ақыл-кеңесін ұсына отырып, қауіпсіздік мақсатындағы нақты қадамдарды айтып өтті. Оның айтуынша, егер терезеге тор орнатсаңыз, ол расында баланың терезеден құлап кетуінің алдын алады. Пластик терезелердің бекіткіш құлыптарын пайдалансаңыз, ол баланың терезені өз бетінше ашып алуына тосқауыл болады.
–Ата-аналар балалар жиһаздарын терезе маңына қоймауы керек. Бала орындыққа немесе диванға шығып, терезеге оңай жетуі мүмкін. Масаларға арналған торлар қауіпсіздік үшін арналмағанын ұмытпайық. Олар баланың салмағын көтере алмайды. Баланың терезе маңында жалғыз қалуына жол бермей, әсіресе, жаз мезгілінде терезе ашық тұратын сәттерде аса мұқият болу керек. Балалармен қауіпсіздік туралы сөйлесіп, терезенің қауіпті екенін түсіндіру де маңызды, – дейді Данияр Карваев брифингте.
Ата-аналар мен қамқоршылардың қырағылығы мен қарапайым сақтық шаралары расында да баланың өмірін сақтап қалудың негізгі кепілі. Бала қауіпсіздігі – әр отбасының басты бағдары болуы тиіс.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ.