Ұлттық Домбыра күніне орай Ақмола облысында бұрын-соңды болмаған көлемде ұйымдастырылған домбырашылар флешмобы – көпшіліктің жүрегіне ұмытылмас әсер сыйлады. Құрманғазының әйгілі «Балбырауын» күйін 3000-ға жуық домбырашы бір мезетте орындап, қала аспанын күймен тербетті. Осылайша Қопа көлінің жағасы тағы бір домбыраның сазына шалқыды.
Таңғы салқын леп пен толқынның сыбдырына қосылған домбыра үні – қала тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз рухани тойға айналды. Ұлттық мұраға деген іңкәрлік пен мақтаныш алаңға жиналған әр адамның жанарынан байқалды.
Бірегей көрініске облыстың түкпір-түкпірінен келген мәдениет ошақтарының өкілдері, фольклорлық ансамбльдер, өнер мектептерінің тәрбиеленушілері мен кәсіби күй шеберлері қатысты. Жас домбырашылар алдын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова бастап, көппен бірге күй шертті.
«Бұл Үкілі домбыра мерекесі. Кешегі сал-серілердің мекенінде, Көкшетаудың көркем жағалауында осындай игі шараның өтіп жатқаны үлкен қуаныш. Бұл кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық дүние. Домбыра –қасиетті мұрамыз. Оның үні әр қазақтың үйінен өшпесін. Ұрпағымыздың жүрегі домбырамен соғып тұрса, елдің рухы ешқашан сөнбейді, – деді өнер майталманы.
Флешмобқа қатысушылардың арасында жас өнерпаздар да көп болды. Солардың бірі Қосшы қаласынан келген Айгерім Нұрдібекқызы. Ол домбыра тартып жүргеніне бір жылдан асқанын айтып, бүгін «Балбырауын» мен «Адай» күйлерін орындағанын қуана жеткізді.
«Осындай үлкен шараға қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе әрі шабыт. Ұлттық домбыра күнімен баршаңызды құттықтаймын! – дейді ол.
Шараға арнайы келіп, ерекше көріністің куәсі болған көкшетаулық тұрғын Орал Рахимов та әсерімен бөлісті.
«Бүгінгі шара – ұлттың рухын көтеретін ерекше күн. Қара домбыра әрдайым төрімізден түспесін. Тек қазақтың тойы болсын! – деп жүрекжарды тілегін білдірді. Тіпті шараға арнап домбыра туралы өлең жолдарын да оқып берді.
3000 домбырашы бір мезетте бір күйді шертуі тек техникалық үйлесім ғана емес, бұл рухани тұтастықтың белгісі. Әртүрлі ауылдан, әртүрлі жастан, түрлі ұжымнан жиналған домбырашылар бір алаңда бас қосып, қазақтың бөлінбес бірлігін күй арқылы паш етті.
Флешмобқа қатысушы, Аршалы ауданының Қостомар мектебінен келген 11-сынып оқушысы Ақниет Амантай да өзінің жүрекжарды тілегін білдірді.
«Домбыра үйірмесіне қатысқаныма 6 жыл болды. Осы уақыт ішінде 20-дан астам күй үйрендім. Бүгін осындай үлкен шараға қатысу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл күн – бәріміз үшін ерекше, – дейді.
Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова бұл шараның ауқымдылығына назар аударып, жылдағыдан ерекше өтіп жатқанын жеткізді.
«Облыстың түкпір-түкпірінен келген 3000-ға жуық домбырашы бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. Бұл тек музыкалық қойылым емес, бұл – ұлттық рухтың жаңғыруы. Домбыра күні жыл сайын осылай кең көлемде аталып өтсін! – деді.
Бұл күні күмбірлеген күй – даланың үніне, ұлттың жүрек лүпіліне айналды. Домбыраның қоңыр үнімен сусындаған көпшілік алаңнан ерекше шабытпен тарасты. Демек, күймен өрілген осы күн ұлттық сана мен руханияттың жарқын беті ретінде ел есінде сақталары анық.