Көкшетау қаласында мектеп бітіруші түлектерге арналған құқықтық түсіндіру іс-шарасы өтті. Шараның мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлерінің формалары мен қару-жарақтары көрсетіліп, таныстырылым ұйымдастырылды. Жиынға «Жастар рухы» ұйымының белсенділері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының мүшелері, «Ақмола хаб» және жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысты.
Көкшетау қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Ескендір Нысанбай жасөспірімдерге әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заң талаптарын түсіндірді:
«Кәмелетке толмағандар заңды өкілінсіз сағат 23:00-ден кейін көпшілік орындарда жүре алмайды. Ал көңіл көтеру орындарында болуға 22:00-ден кейін тыйым салынады. Заңды өкіл ретінде тек ата-аналарыңыз ғана танылады. Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК 441-бабына сәйкес қоғамдық орындарда темекі шегуге, ал 440-бап бойынша алкоголь ішуге тыйым салынған», – деді полиция лейтенанты.
Ол жазғы демалыс кезінде жастар арасында пәтер жалдап жиналып, спирттік ішімдіктер ішетін құқық бұзушылықтар жиілейтінін атап өтті. Мұндай жағдайда полиция шақырылып, заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда кәмелетке толмағандардың ата-аналары жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар, шара аясында интернет-алаяқтар мен дропперлердің іс-әрекеттері туралы да айтылып, жастарға олардан сақтану жолдары түсіндірілді.
Жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков жастарға заң аясындағы білімнің маңыздылығын атап өтті:
«Бүгін жастарға өзекті мәселелер қозғалды. Заңдар жыл сайын өзгеріп отырады. Сондықтан біз жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіп келеміз», – деді ол.
Шара жастардың құқықтық мәдениетін арттырып, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталды.