Бүгін Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жұмыс сапарымен Ақмола облысының Степногорск қаласына барды. Сапар барысында Степногорск жылу электр орталығының жұмысы мен қаланың алдағы жылыту маусымына дайындығы басты назарда болды, деп хабарлайды Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы.
Степногорск ЖЭО 1966 жылдан бері жұмыс істейді және қала үшін жылу мен электр энергиясының негізгі көзі болып табылады. Бүгінгі таңда станцияның қолжетімді электр қуаты – 157 мегаватт, ал жылу қуаты – сағатына 602 гигакалорияны құрайды. Қондырғылардың тозу деңгейі 61,8 пайыз болғанына қарамастан, станция тұрақты жұмысын жалғастыруда. 2025 жылы станцияны жөндеуге 7,4 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция бөлініп, қазандықтар мен басқа да маңызды жабдықтар жөнделмек.
Сапар барысында министр қысқы кезеңге дайындық барысымен және қол жеткізілген нәтижелермен танысты. Ақмола облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаевтың айтуынша, өткен жылыту маусымы штаттық және апатсыз режимде өтті. Биыл өңірді қысқа дайындауға 31 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Степногорск қаласында 10 шақырымнан астам жылу желілері жөнделді.
Министр сондай-ақ екі ірі жобамен танысты. Бірінші жоба – ұзындығы 12 шақырымнан асатын магистральдық жылу желісін жөндеу. Жұмыстарды 2025 жылдың қыркүйегінде аяқтау жоспарланған. Екінші жоба – жалпы ұзындығы 9,6 шақырым болатын ішкі кварталдық желілерді жаңғырту. Қазіргі таңда шамамен бір шақырымға жуығы ғана жаңартылды. Жобаны аяқтау үшін қосымша 1,4 миллиард теңге қажет. Сонымен қатар, диаметрі 800 мм болатын ұзындығы 9,5 шақырымды құрайтын «ЖЭО – Қала» жылу магистралін жаңғырту жобасы Ұлттық жоба аясында жүзеге асырылмақ. Бұл жоба бойынша «Қазцентр ЖКХ» АҚ оң қорытынды берген, Энергетика министрлігі мен Тарифтік реттеу комитетімен келісілген, «Бәйтерек» холдингімен қаралып, қазіргі таңда екінші деңгейлі банктер және Қазақстанның Даму Банкімен жұмыс жүргізілуде.
Министрге қаладағы жылу желілерінің тозу деңгейі туралы да баяндалды. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш шамамен 75 пайызды құрайды. Жүргізілген жөндеу жұмыстарына қарамастан, желілерді жаңарту қажеттілігі әлі де бар. Облыс әкімдігі бұл бағытта қосымша қаражат тарту жұмыстарын жалғастыруда.
Өңір әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановтың айтуынша, алдағы жылыту маусымына дайындық тек жылумен қамтуды ғана емес, сонымен қатар электр желілерінің сенімділігін қамтамасыз етуді де қамтиды. 2025 жылы «АЭК» АҚ инвестициялық бағдарламасы аясында әуе желілері мен қосалқы станцияларды ағымдағы және күрделі жөндеуге 8,7 миллиард теңге қарастырылған. Сонымен қатар, «Көкшетау Энерго» ЖШС 2,7 миллиард теңге сомасына өз бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл шаралар өңірді күзгі-қысқы кезеңде үздіксіз электрмен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сапар қорытындысында Ерлан Ақкенженов Степногорск қаласында жылыту маусымына дайындық бойынша ауқымды және жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Министр кездесуде көтерілген барлық өзекті мәселелер назарға алынғанын айтып, Энергетика министрлігі тарапынан өңірге жан-жақты қолдау көрсету үшін қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.
Сондай-ақ ол жөндеу және жаңғырту жобаларына инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті. Степногорск ЖЭО өңір үшін стратегиялық маңызы бар нысан болып табылады, ал оның тұрақты жұмысы – тұрғындардың үйлерінде жылу мен жарықтың болуына кепіл.