Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-шы бабында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» – деп жазылған. Осы Ата заңымыздың қағидасы аясында егеменді еліміздің ер азаматтары әскер қатарына шақырылып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарын толықтыратыны анық. Отан алдындағы өздерінің азаматтық борыштарын өтек үшін, алдымен әскери өмірге бейімделіп, жауынгерлік даярлықтың түрлі әдістерін орындауды үйренеді. Отан алдындағы қызметке адал болуға салтанатты түрде Әскери антты қабылдап,өзінің әскери міндетін орындауға кіріседі.
Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, қазіргі таңда келісімшарт бойынша әскери міндетін атқарып жүрген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Қару жарақ басқармасы 31765 әскери бөлімінде күзет рота сержанты – жауынгерлік және дене даярлық жөніндегі нұсқаушы аға сержант Тулеген Мадиярды сұхбаттасуға тартқан едік.
– Отан қорғаушы Тулеген Мадияр, бізге өзіңіз жайлы айтып берсеңіз? Балалық кезіңіздегі арманыңыз қандай еді?
Мен 1997 жылы 30 сәуірде Қарағанды облысы Шет ауданы Жарылғап батыр ауылында дүниеге келдім. Бала кезден әскери адам болуды армандадым. Балалық шақтағы қызығушылық танытқан әскери кинолар мен деректі фильмдер, одан бозбала өмірімдегі көзбен көрген әскери киімде жүрген адамдарды биік санап, бүгінгі күнде сол аңсаған арманыма жеттім деп ойлаймын.
– Өміріңізді әскери қызметпен қалай байланыстырдыңыз?
Біз әскер қатарына шықырылғанға дейінгі уақытта, мектепте білім алып жүрген кездің өзінде бізге еліміздің әскер қатарындағы келісімшарт бойынша қызмет ету жөнінде көп айтылатын еді. Содан мен де әскерге шақырылмас бұрын «….егер де Отан алдындағы борышымды өтеу үшін сарбаздардың қатарына қосылсам, одан әрі қызметімді келісімшарт бойынша жалғастырамын» – деп, әлдеқашан еш ойланбастан шешіп қойған болатынмын. Содан бала кезден жетелеген арманып орындалып, шақыру қағазымен әскер қатарына алындым. Отан алдындағы борышымды Алматы қаласы 7552 әскери бөлімінде абыроймен атқарып,
2017 жылы Балқаш қаласы 31765 әскери бөлімге келісімшарт бойынша іскери қызметші болып жұмысқа орналастым. Келісімшарт бойынша әскери қызметті күзет взводының сарбазы (атқыш-зенитші) лауазымынан бастап, бүгінгі күнде 31765 әскери бөлімінің күзет ротасының сержанты – жауынгерлік және дене даярлық жөніндегі нұсқаушымың.
– Сізге өз бейнеңізді бір-екі ауыз сөзбен жеткізіп беріңізші десе, қалайша суреттеп берер едіңіз?
Мен өз бейнемді суреттеп берер болсам, әскери адам болуды бала кезден армандағандықтан, дәл қазіргі сәтте өзімді нағыз Отан қорғаушы ретіндегі өз елімнің шынайы патриоты ретінде санаймын.
– Сізді өсірген әке-шеше және өзіңіздің отбасыңыз туралы айтып кетсеңіз?
Әкем – Бадыгулов Хабдыбек Жакенович, анам – Болбырова Замзагул Тулегенова Қарағанды облысы Балқаш қаласында тұрады. Ата-анам зейнеткерлер.
Отбасымда өмірлік жарым Ақниет екеуіміз бірге 3 ұлымызға өнегелі тәрбие беріп келеміз.
– Әскер саласында қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?
Шынымды айтсам, мерзімдік әскери қызметті өткеріп жүрген уақытта, сарбаз ретінде жауынгерлік даярлықтағы үздік көрсеткіштеріміз үшін бөлім командирінің қолынан Мақтау қағазын алған сәттерде төбеміз бір көкке жеткендей сезінуші едік. Қазіргі келісім шарт бойынша әскери қызметте де құр алақан емеспіз. Мәселен, 2024 жылғы оқу жылының қорытындысы бойынша жауынгерлік даярлықта алда болып, бөлімнің сержанттар арасында «Үздік рота сержанты» атағына қол жеткіздім. Бұл – мен үшін мақтаныш, бөлім командирінің тарапынан менің Отан алдындағы адал қызметіме берген әділ бағасы деп білемін.
– Тулеген Мадияр болашақта сізге алға қойған мақсаттарыңызға жетуге тілектеспін. Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Думан Жұмашұлы
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы.