spot_img
Сенбі, Маусым 21, 2025
16.2 C
Kokshetau

Ақмолалық тауар өндіруші тоғыз компания «Қазақстанның үздік тауарлары» байқауына қатысады

Сондай-ақ...оқыңыз

Облыс орталығы Көкшетауда «Қазақстанның үздік тауары» атты дәстүрлі көрме-байқауы өтті. Жүзге жуық өндіруші компаниялар қатысқан байқаудың қорытынды кезеңіне облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, көрмеге қойылған тауарлардың сапасы мен олардың нарық бәсекесіндегі сатылымына назар аударып, өндіруші компаниялардың жетекшілерімен кездесті.  

Аталған көрме-байқауы 2006 жылдан бастап жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында өткізіліп келеді. Биыл да бұл шараны өткізуге Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті органдар мұрындық болды. Тәуелсіздік алаңындағы көрмеге азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс индутриясы сияқты тағы басқа да көптеген өнімдерді өндіруші компаниялардың тауарлары қойылды. Олар аталмыш байқауға өздерінің ең үздік сапалы өнімдерін қатыстырып, өнімдерінің ары-қарай да насихатталып, ірі нарыққа жол бастауына мүмкіндік алды. Ал, қала тұрғындары мен келген қонақтар әсіресе, азық-түлік сондай ақ, күнделікті тұрмыста қолданылатын заттарды нарықтық бағадан төмен бағаға сатып алды.

Бүгінде Ақмола облысында бизнесті қолдау және дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Іскерлік ахуалды жақсартуға, инвестиция тартуға, индустриялық аймақтар құруға және инфрақұрылымды жақсартуға ерекше назар аударылып келеді. Облыс әкімі Марат Ахметжанов өңірдің өнеркәсіп орындары жергілікті өндіріс көлемін тұрақты дамытып келе жатқанын және шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

– «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы отандық кәсіпорындардың әлеуетін көрсететін маңызды алаңға айналып отыр. Біз жыл сайын жергілікті өндірілген өнімдерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын, оның сапасы жақсарып, ассортименті кеңейіп келе жатқанын көріп отырмыз. Мемлекет өз кезегінде бизнеске қажетті қолдау көрсетуді, инфрақұрылымға инвестиция салуды және кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырып келе жатыр. Соның арқасында өңірдегі ірі өндіріс орындары «Көкшетау минералды сулары» «Степногорск тау-кен химия комбинаты, «Тыныс», «Камаз-инжениринг», «Новопэк», «Айдабол», «Енки», «Бижан» сияқты тағы басқа да зауыттар экспортқа бағытталған ірі кәсіпорындарға айналып отыр. Олардың шығарған өнімдері кедендік одаққа мүше мемлекеттер мен көршілес елдерді қамтиды,– деді өңір басшысы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.

Содан соң сөз алған өңірлік кеңестің төрағасы Қуаныш Рақышев өңірде өнеркәсіп өдірісінің көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Ол өз сөзінде 2024 жылы өңір өндірісі алдыңғы жылмен салыстырғанда 4 пайызға артқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар төрағаның пікірінше, тауар өндірушілерді қолдау мақсатында өткізілетін мұндай шараның мән-маңызы зор. Ал, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбектің айтуынша, аталған көрмені ұйымдастыру бизнес субьектілеріне жан-жақты қолдау көрсету үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі.

–Бұл шара жергілікті өндірушілерді қолдау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Кәсіпкерлік субъектілері де мұндай айтулы оқиғаға қатысуға әркезде оң көзқарас танытып, оның өткізілуін асыға кұтеді. Оған қатысу дегеніміз бизнес субъектілерін өз тауарлары мен қызметтерінің сапасын арттыруға ынталандырады сондай-ақ, отандық брендтерді ілгерілетуге және өндірісті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді, – деді өңірлік палата директоры өз сөзінде.

Шара барысында ұйымдастырылған байқаудың іріктеу қорытындысы бойынша үш номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Степногор машина жасау зауыты», «Азия сүзгі»,  (Бурабай ауданы), «Kokshe Building Service» (Көкшетау қаласы) көшбасшы болды.  Ал, «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында «Оникс» (Көкшетау қаласы), «Green Products» (Қорғалжын ауданы) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Әлихан»  (Қосшы қаласы) жеке кәсіпкерлігі жеңіске жетті. Сондай-ақ, «Азық-түлік мақсатындағы үздік тауарлар» аталымында Көкшетудағы «Бижан» ет өңдеу кешені» үздік болып анықталды. Осы аталым бойынша бурабайлық «Соколов Р.О» жеке кәсіпкерлігі мен Зеренді ауданындағы «MILK PROJECT» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері аталды.

Байқау аясында жеңімпаз атанған тоғыз ақмолалық өндіруші компания Елордада жыл сайын өткізілетін «Қазақстанның үздік тауарлары-2025» көрме шарасына қатысады. Биылғы жылы өңірлік байқауда жеңімпаз атанған «Kokshe Building Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Астанада өтетін байқауға тұңғыш рет қатысады. Компания Ақмола облысының құрылыс нарығында он жылға жуық жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын түрлі темірбетон бұйымдарын өндіреді және сатады, сондай-ақ, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салуға әбден маманданған кәсіби біліктілігі жоғары өндіріс компанияларының бірі болып табылады. Оның өнімдері тек Ақмола өңірінде ғана емес, одан тыс жерлерде де сатылады.

«Kokshe Building Service» серіктестігінің басшысы Асқар Байқановпен тілдескенімізде, ол мұндай байқауларға қатысып, жеңіске жету одан да үлкен мүмкіндіктер мен артықшылықтар береді, ел арасында танымал болуды қоса алғанда, әрі қарайғы жетістіктер үшін мотивация көзі болып табылады. Барлық жеңімпаз компаниялар «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсында Ақмола облысының атынан қатысады.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,

Суретті түсірген

Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Ақмола облысының республикалық индустриялық аймағына 1,1 трлн теңге инвестиция тартылды

Ақмола облысында республикалық маңызы бар «AQMOLA» индустриялық аймағының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Ауданы 1 мың гектарға жуық индустриялық аймақ...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Яндекс.Метрика