Жаздың жайма шуақты күндерінің бірінде отбасымызбен орманға серуендеуге шықтық. Орманның ішінен жайлы орын тауып, орналастық. Анам бірден дастарқан жаюға кірісті, әкем мен бауырым футбол ойнады, ал Нұрай мен Зере көбелек қуып, түрлі түсті қыр гүлдерін жинауға кетті. Мен жан-жағыма қарап, айналадағы керемет көрініске көзім тоймай көөөп қарап отырдым.
Айнала тап-таза, гүлдердің аңқыған жұпар иісі, құстардың сайраған дауысы құдды бір оркестрмен оындалған әуен тәрізді, жайқалған жасыл желек жапырақтар желмен желпіп, сыбдыр қағып, құстардың «оркестріне» қосылады. Осы керемет әуенді тыңдап, жұп-жұмсақ жасыл «кілемнің» үстінде аспанға қарап қанша жатқанымды білмеймін… Кенет жоғарыдан маңдайыма тарс етіп жаңғақ түсті. Қатты тигені сонша – шекем солқылдады, көзімді тарс жұмып, сәл айқай салыппын. Көзімді ашып жоғары қарасам, ағаштың бұтағынан жанары мөлдіреп, кішкентай тиін жылтиып қарап тұр. Жаңағы жаңғақты абайсызда түсіріп алса керек… Мен жаңғақты қолыма алып, жоғары көтердім. Тиін менің жақсы ниетімді түсініп, маған жақындады. Жақындап келіп, қолымнан жаңғақты алып, маған рақмет дегендей басын изеді. Тиіннің бұл әрекетіне таң қалып, бір жағынан қатты қуандым. Жаңғағынан тағы айырылып қалмайын дегендей, кеудесіне қатты қысып, басқа бұтаққа секіріп кетті.
Мен де анамның қасына барып, үйден әкелген тағамдарды дастарқанға жайғастырып, анама көмектестім. Екеуіміз дастарқан үстін жайнатып қойдық. Әкем мен бауырларымды шақырып, тамақ ішуге кірістік. Дөңгелене отырып, қызық әңгімелер айтып отырғанда, Зеренің шашына ақшыл көк әдемі көбелек келіп қонды. Нұрислам:
– Зере, шашыңдағы көгілдір бантигің қандай әдемі! – деп күлді.
Ағасының не туралы айтып отырғанын түсінбеген Зере оған қарап жай ғана жымиды. Нұрислам телефонын алып, қарындасын суретке түсіріп, көрсетті. Зере қатты қуанып, «әдемі бантигім ұшып кетпесін…» дегендей, қозғалмай көп отырды. Әркім өздері көрген қызықты оқиғаларын айтып берді. Мен де тиін мен жаңғақ туралы айттым.
Біз ұзақ отырып, айналаны қызықтап, орманда кешке дейін жүрдік. Өзімізден қалған қоқысты жинап, қайтар жолға дайындалдық. Бүгінгі күн ең тамаша, ең бақытты күндердің бірі болды. Біз бір-бірімізге осындай керемет серуенге жиі шығып тұруға уәде бердік.
Ақнұр ДУЛАТПАЙ,
Көкшетау қаласы №8 орта мектебінің 7-сынып оқушысы