Нұрия Жаңабаева Көкшетау қаласы №6 мектеп-лицейінде 1992 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Ол отыз алты жыл бойы ұстаздықтың қыр-сырын жетік меңгеріп, өмірдегі барлық ізгілік қасиеттерді шәкірттерінің жүрегіне ұялатып келе жатқан аяулы ұстаздардың бірі. Ол аталмыш мектепте табаны күректей отыз үш жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, қарышты еңбек етуде.
«Жылдар өтер, ұшқан құсша зымырап…»- деген өлең жолдарында айтылғандай, №6 мектеп-лицейінде қазақ бастауыш сыныптары ашылғанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Тоқсаныншы жылдардың басында қабылданған білім туралы Заңда білім берудің демократияландыруын қамтамасыз ететін нормалары бекітілген еді. Ол еліміздің әлеуметтік және мәдени мұрасын сақтай отырып, өскелең ұрпақтардың әлемдік мәдениетке араласып, ұлттық құндылықтарын бойларына сіңірген тұлғаның дамуына көмектесті.
1992 жылы 1-қыркүйекте 19 бүлдіршін қазақ тілінде оқыту бойынша мектеп табалдырығын аттады. Бүлдіршіндерді өз тілінің сөйлеу мәдениетімен дамыта, ұлттық құндылықтарымен байыта отырып,аталар тағылымымен тәрбиеленуіне үлес қосқан жоғары білімді ұстаз Нұрия Жанабаева болды. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» дегендей мектебіміздің қазақ сыныбын 2003 жылы үлгілі тәрбие мен жақсы білім сапасымен аяқтаған алғашқы түлектеріміз осы бүлдіршіндер. Бүлдіршін балаларымызды қазақ тілінде оқыту үшін сол кезеңдегі насихаттау жұмыстарына белсене араласып,өз үлесін қосқан жандардың бірі деп айта аламыз.
Жаратылысында мейірімділік пен парасаттылық тоғысқан Нұрия Қажымасқызы үлкен тәлімгерлікпен қызмет атқаруда. Мұғалімдік мамандықты кие тұтып, қадірлеудің сыры біріншіден – ізгілік сабақтары. Үнемі шығармашылық, педагогикалық және әдістемелік шеберлігін шыңдап, жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибелерінен тәлім алып, өз сабақтарын әрдайым қызықты да нәтижесі мол болатындай етіп өткізеді.
Шығармашылықпен жұмыс істейтін ізденімпаз ұстаздың педагогикалық кеңестерде, қалалық және облыстық семинарларда көрсеткен ашық сабақтары, онлайн сабақтары, жыл сайын халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда және республикалық деңгейде өткізілетін жәрмеңкелерде өз жұмыстарымен қатысып, жемісті нәтижесін беріп қана қоймай, оның жаңашыл, білгір мұғалім екендігін паш етеді. Республикалық және облыстық басылымдарға өз жұмыстарын көрсетіп тәжірибесімен бөлісіп жүреді.
Елімнің болашағы деп үміттенетін бүгінгі жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, еңбексүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеп, кішкене бүлдіршіндердің бойына бар күш-жігерін жұмсауда.
Үнемі өз біліктілігін де арттырып отырады. «Үйрете отырып,үйренетін» тәлімгер ұстаз шәкірттеріне сапалы білім беріп, жаңа әдіс-тәсілдерді тиімді пайдаланып, ұстаздарға кәсіби біліктілігі мен педагогикалық іс-тәжірибесімен алмасу мақсатында мектеп ішінде, қала, облыс көлемінде семинарларда ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер өткізіп, конференцияларға қатысып,жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Нұрия Қажымасқызының өмірдегі ұстанымы «Өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау». Оқушылардың жүрегіне ізгілік нұрын себе отырып білімнің қайнар көзімен сусындатып, алғаш өз елін, отбасын,табиғатын бағалай алатын, өз тілінің мәдениеті мен бабалар дәстүрін құрметтейтін оқушы тәрбиелеген ұстаздың алдынан 35 жылдық еңбек өтілінде көптеген шәкірттер тәрбиеленіп шықты. Нұрия Кажымасовқызы өз әріптестерінің, шәкірттерінің және ата-аналардың алдында абыройлы және зор беделге ие ұлағатты ұстаз.
Ата-аналары қалалық «Көкшетау», «Бұқпа» газеттерде өз ілтипатын білдіріп мақалалар жазды. 1992 жылдан бергі алдынан сауат ашып, тәлім тәрбие алған шәкірттері түрлі салаларда қызмет атқаруда. Ұстаздарын ұмытпай хабарласып, іздеп келіп мерейін асырып отырады. Шәкірттерінің табысына қуанған ұстаз үнемі өзінің ақ тілегін білдіреді. Саналы өмірінде білгенін шәкірттеріне үйретіп, өзі де үйренуден, білімін жетілдіруден, озық тәжірибесін әріптестерімен бөлісуден жалықпайтын, әріптестер мен ата-ананың, оқушылардың құрметіне бөленген ұлағатты ұстаз деп білеміз.Ұстаздан білім алған шәкірттері «Зерде» ғылыми-зерттеу жобасында, «Ақбота», «Кенгуру» олимпиадаларында, «Бояулар құпиясы» конкурстарда жүлделі орын алуда. Еңбек жолының барысында Нұрия Қажымасқызы «Дарынды балалар-Қазақстанның болашағы» энциклопедиясына жарияланып, «За вклад в развитие образования» медалімен марапатталды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай облыс әкімінің құрмет грамотасы табысталды. «Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді бағалау бойынша сарапшыларды оқыту» курсын аяқтап, жаңа мазмұндағы оқулықтарды сараптау орталығында әріптестерімен жұмыс атқарды. «Білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі және оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерге сараптама жүргізуде жоғары кәсібилік пен белсенділік танытқаны үшін» Алғыс хатпен марапатталды. Мектебіміздің 80-жылдығына байланысты өскелең ұрпақтың білім беру ісіне қосқан жеке үлесі және мектепке деген адалдығы үшін “Мерейтойлық медаль” төсбелгісімен марапатталып, еңбек кітапшасына алғыс жарияланды.
«Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға» – деп Абай атамыз айтқандай, білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстазды шәкірттері әрдайым мақтан тұтары сөзсіз! Қажырлы ерен еңбектің арқасында шәкірт жүрегінен жол таба білген ұстаз болу – қандай бақыт!
«Білікті ұстаздың беделі де биік» дегендей, ізденімпаз ұстаз бойындағы жоғары кәсіби кабілетіңізбен, шәкірттеріңіздің ыстық ықыласына, зор құрметіне бөлене беріңіз!
Құрметпен, төртінші сыныптың ата-аналары.