Зеренді ауданына қарасты Гранитное ауылындағы 55/10 әскери бөлімінде Отан қорғаушы күніне арналған дәстүрлі саптық шеру ғана емес, нағыз ақыл-ой додасына айналды. Қазірдің өзінде казарма іші қызу дайындық алаңына айналып, сарбаздар алдағы зияткерлік ойынға белсенді кірісіп кетті. Бұл ерекше шараны Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырып отыр.
Ойында 60-тан астам сарбаз бақ сынамақ. Олар 3 адамнан құралған 20 командаға бөлініп, бес түрлі бағыт бойынша білімдерін сарапқа салады. Бұл тек сұрақ-жауап сайысы емес, ойлау қабілетін, тапқырлықты, эрудицияны талап ететін шынайы интеллектуалды шайқас болғалы тұр.
Зияткерлік ойын бес бағыттан тұрды: «Тарих тағылымы» ,«Ән әлемі» , «Ұлы тұлға туралы», «Кино әлемі», «1+1=3».
«Біздің мақсатымыз – сарбаздардың бойындағы стратегиялық ойлау мен танымдық қабілетті ояту. Қазіргі заманда жауынгер тек күшті ғана емес, білімді, ойлы болуға тиіс. Бұл ойын – сол қабілеттерді дамытуға бағытталған», – дейді ұйымдастырушылар.
Казармада қазірдің өзінде ерекше рух қалыптасқан. Сарбаздар викториналарды қайталап, Екінші дүниежүзілік соғыстың маңызды оқиғаларын еске түсіріп, энциклопедиялар парақтап, сүйікті фильмдер мен тарихи тұлғалар жайлы пікірталасқа түсуде. Бұл шынайы интеллектуалды дайындықтың көрінісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жүлде алмай қалған командалар да ұтылмайды олар шабыт, жағымды эмоция мен жаңа біліммен қаруланып қайтады. Ал жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталады. Бұл сыйлықтар – олардың интеллектуалдық жеңісінің символы болмақ.
Мұндай форматтағы шаралар Отан қорғаушылар күнін атап өтудің жаңаша үлгісіне айналып келеді. Қатар түзеп, саппен жүретін сарбаздар енді оймен де сап түзей бастады. Бұл әскер тек тәртіп пен жарғы ғана емес, жан-жақты дамыған жеке тұлғалардың ордасы екенін айғақтайтын жақсы мысал.