spot_img
Сейсенбі, Мамыр 6, 2025
19.8 C
Kokshetau

Біз оларды мақтан тұтамыз…

Сондай-ақ...оқыңыз

Биыл екінші Дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Жеңістің әрбір мерекесі біз үшін қастерлі деп айта аламыз. Себебі менің әкем Отан соғысының ардагері Бектемісов Тасым, анам тыл ардагері – Беймендеқызы Наймаш және осы Отан соғысының ардагерлері үш бірдей ағамыз Бектемісов Сұраған, Даненов Құрманбай, Даненов Нұрбай бүгінгі бейбітшілік жолында жан аямай күрескен тұлғалар деп білеміз.  Сол үшін де біз ұрпақтары Жеңіс күнінің қарсаңында зор жүрек тебіренісімен еске аламыз. Өйткені соғыс қазақ жерінде өтпесе де, олар отан қорғау жолында толарсақтан саз кешіп жүріп, жаумен шайқасты, тылда тізе бүкпей тер төкті.

Әкем Бектемісов Тасым 1909  жылы 13 ақпанда бұрынғы Көкшетау облысы Көкшетау ауданы қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданы Қара-Өзек ауылында дүниеге келген. 1931 жылы 15 тамызда әлі соғыстан бейхабар шақта Көшетау аудандық әскери комиссариатынан әскери борышын өтеуге алынып, 5 жыл әскери міндетін өтеп келді. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін әскери жұмылдыруға байланысты қайтадан әскерге шақырылып, майданға аттанды.

 

Содан соң әскери тәжрибесі бар солдат ретінде соғыстың қызып жатқан тұсында жауып тұрған от пен оқтың ортасынан бірақ шығып, Белоруссия жерінде 14-ші артиллерия полкінің 16-ші гвардиялық миномет бригадасында неміс басқыншыларына қарсы ұрысқа кірген.  Жоғарыда айтқанымдай, әкем Бектемісов Тасым сол майданға кіргеннен жан алысып, жан беріскен қым-қуыт арпалыста жүріп, Польша жеріне дейін барып, Познань қаласын жаудан азат ету жолындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Әкем Сталинның оң қолы болған, майданның бас қолбасшысы, Кеңес одағының маршалы Г.К. Жуков әскерлерінің құрамында соғысып, Берлинге дейін жетуінің өзі біздер үшін зор мақтаныш. Соның дәнекер белгісіндей, оның кеудесіне генералисимус И.В. Сталин мен Г.К. Жуковтың арнайы қол қойған «Ерлігі үшін» медалі, сондай-ақ, Прага, Варшава, Познань қалаларын азат ету үшін, Германия жеріне енген жеңімпаз армия құрамында Штутгарт және Берлин қалаларындағы кескілескен ұрыстарда ерлік көрсеткені үшін алған медальдары мен Бірінші және Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталған. 1945 жылы ол өзінің майдангер серіктестерімен Жеңіс салтанатын тойлап, туған еліне оралды.

Менің өмірге келуім соғыстың аяқталғанына 10 жыл толуымен тұспа тұс келді, яғни 1955 жылдың наурыздың сегізінде дүние есігін аштым. Ата-анамның көрген жалғыз ұлы мен едім. Сол үшін де майдан даласындағы қиян-кескі ұрыс пен қиыншылықты көрген әкем менің де етжеңді, қиындыққа да төзімді болып өскенімді қалады. Әкем өмірде өте мейірімді, еңбекқор, бастаған ісінің уақытымен аяқталғанын өзінен де, өзгеден де талап ететін адам болған. Біздің балалық шағымызда әкемнен соғыс туралы сұрағанымызда: «Ой айналайын балаларым, атың өшкір соғыстың айта қылатындай жақсылықтары жоқ»,- деп қайыратын.  Бала болған соң, сұрапыл соғыстың байыбына бара алмай, ара-арасында әкемізден соғыс туралы айтуын өтінетінбіз. Дегенмен ес біліп, есейген кезде әкемізге соғыс туралы айтудың қаншалықты ауыр екенін сезіндік. Осы тұста естелік ретінде айта кетейін дегенім, шамамен 1962-1963 жылдар кезі болатын. Әкем мен отбасында жалғыз ұл болғандықтан, Орленок велосипетін сатып алып берген болатын. Тарихтан белгілі, бұл кезеңдерде Қазақстан әлі ауыр экономикалық жылдарды өткеріп жатқан кез еді. Осы велосипедті барлық ауыл балалары, үлкені-кішісі болып, ойын баласы болған соң, алаңсыз күн ұзынға таласып тебетінбіз.  Сондай бір кезекті жазғы ойыннан кейін шаршап келгендіктен бе, велосипедті әкем көрсеткен жерге қоймай, жазғы сиыр тұратын қораның ішіне сүйеп қойып кетіппін. Келесі күні мал өрісінен кейін мені әкем ұйқыдан тұрғызып, қораға апарып, дөңгелегінің мал басып, қисайып қалғанын көрсетіп, «Ұқыпсыз неме»- деп, қолындағы мал айдаған қамшысымен тартып жіберді. Мен шыр етіп, жылап, сол жерде тұрған шешеме тығылдым, бірақ анам маған араша түсетіндей ниет таныта қоймады. Казір ойласам, сол кездегі менің ұқыпсыздығым үшін жазаланғаным, менің барлық өміріме жетерлік сабақ болды.

 

«Тірі адам тіршілігін жасайды» демекші, әкем соғыстан аман-есен оралған соң, 1947 жылы анам Наймаш Беймендеқызымен қосылып, шаңырақ көтерді. Отбасымызда төрт бала болып ержетіп, өсіп жетілдік. Үлкеніміз Мүнира дәрігер, екінші Сәбира сауда маманы, содан соң мен «Қазпошта» жүйесінде бөлім басшысы қызметінде істедім, содан соң ең кішіміз Ләззат қарындасым мұғалімдік қызметінде жұмысын жалғастырып келеді. Анамыз Наймаш Беймендеқызы да өзінің отанға деген үлесін шексіз қосып,  соғыстың тезірек жеңіспен аяқталуына өз жәрдемін тигізіп, тыл жұмысында болды. Сол атқарған еңбектері үшін бірнеше  марапаттауларға ие болған еді.

Біздің әулетіміздің бір мүшесі ағамыз Сұраған Бектемісұлы туралы да зор мақтанышпен айтар едім. Сұраған Бектемісұлы 1939 жылы жұмысшы шаруалары Армиясына алынып, неміс басқыншыларымен соғыста Қиыр Шығыста болды. Соғыс уақытында Моңғолиямен шектес жердегі арнайы 8285 құпия Бас барлау басқармасы бригадасында әскер қатарында жүргізуші болып, Жапонияның Совет Одағына қарсы шабуылында шайқасқа қатысып, елімізді, жерімізді жаудан қорғады. Совет Одағының Жоғарғы Совет Президиумы Жарлығымен ефрейтор ағамыз Сұраған Бектемісов 1945 жылы «Жапонияны жеңген үшін» медалімен, Совет Одағының Жоғарғы Совет Президиумы 9 мамыр 1945 жылғы Жарлығымен «Германияны жеңген үшін» 1941-1946 жылдар медалімен осы жылдың 14 сәуірінде марапатталды.

1946 жылы Кеңес Одағының шешімімен әскер қатарынан босатылды. Соғыстан кейін бейбіт елде еңбек жолын НКВД органынан бастап, кейін Куйбышев орман шаруашылығында орманшы болып, 1981 жылы зейнетке шықты.

Біздің келесі мақтаныштарымыз – ағаларымыз Даненұлы Құрманбай және Даненұлы Нұрбайды да ерекше атап өткім келеді.

Құрманбай ағамыз 1941-ші жылы қанды майдан басталғанға дейін Қиыр Шығыста әскери қызметте болған. Сонда кіші командирлер даярлайтын полк мектебінде оқыған. Кейіннен бөлімше командирі болған. 1942 жылы Саратов танк училищесінде оқып, кіші лейтенант атағын алып шыққан. Бірінші Беллорусия майданында талай-талай сұрапыл шайқастарға және жаудан Польша жерін азат етуге қатысқан.

Ұлы Отан соғысында алған марапаттауларының өзі де ардагер ағамыздың жүріп өткен жолдарын айғақтай түсетіндей. Варшава жаудан азат етілгенде «Ерлігі үшін» медальмен, Одер өзенін алудағы шайқас үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, Берлинді азат етудегі батылдығы үшін 2 мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен және басқа бірқатар медальдармен марапатталған. Соғыс аяқталғаннан кейін де 1947 жылдың сәуір айына дейін әскери қызметін атқарған. 1947 жылы Краснояр селосына, кейін Бұлақ совхозында (МТС) партия қызметіне тағайындалған. 1966 жылдан бастап Краснояр совхозында зейнетке шыққынша Партком қызметін атқарды.

Ағамыз Дәненұлы Нұрбай болса, 1926 жылы Көкшетау ауданы Солтүстік Қазақстан облысы Елтай ауылдық советінің Қара-өзек ауылында дүниеге келген.  Екінші Дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін 1943 жылы 17 жасқа толар-толмас шағында майданға алынған. Соғысқа 6 атқыштар полкіндегі 7 дивизияға түсіп, кейіннен 47 атқыштар полкі Криворождық Суворов және Кутузов Қызыл жұлдыз орденді дивизиясының құрамында шайқасқа қатысты. 1945 жылы соғыс аяқталып, елге оралды. Бейбіт өмірде Алматы қаласына барып, есепші мамандығы бойынша оқу бітіріп, қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданы Қызылсая ауылында ауылдық тұтынушылар одағында есепші болып, одан соң қойма меңгерушісі қызметін атқарды. Соғыстан кейінгі жылдарда ағамызға аса жеңіл болған жоқ. Себебі отбасын құрғаннан соң, көп ұзамай жеңгеміз Разия өмірден озды. Артында қалған алты баланы басқа отбасын құрмай бір өзі тәрбиелеп жеткізді.

Осындай мақтануға тұратын ата-анамыз, ағаларымыз мәңгілік біздің және елдің жадында жасай берсін деймін.

                                                                                           Қабиделғазез ТАСЫМҰЛЫ

зейнеткер.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Гранитное ауылындағы сарбаздар зияткерлік сайыста сынға түсті

Зеренді ауданына қарасты Гранитное ауылындағы 55/10 әскери бөлімінде Отан қорғаушы күніне арналған дәстүрлі саптық шеру ғана емес, нағыз ақыл-ой...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Яндекс.Метрика