2025 жылғы 2–4 мамыр аралығында Ерейментау қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында ХІV дәстүрлі республикалық турнир басталды. Бұл жарыс Ерейментау ауданының спорт саласында айрықша із қалдырған жаттықтырушылардың жарқын рухына арналған.
Аталған турнирге Қазақстанның түрлі аймақтарынан және бауырлас Қырғыз Республикасынан келген 14-тен астам команда қатысып, 250-ге жуық спортшы татами төрінде бақ сынауда. Жас дзюдошылар бұл жарыста жоғары шеберлік, табандылық пен қарсыласқа деген құрмет сынды дзюдоның басты құндылықтарын паш етуде.
«Жарыс – тек мықты спортшыларды анықтауға бағытталған бәсеке ғана емес, сонымен қатар өңір спортына өмірін арнаған жаттықтырушыларға деген алғыс пен құрметтің символы. Турнир әділ бәсеке мен спорттық ынтымақтастық рухында өтіп, жасөспірімдерге үлкен тәжірибе мен шабыт беруде», дейді ұйымдастырушылар.
Іс-шараны ұйымдастыруға Ерейментау ауданының әкімдігі, Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы, дзюдо федерациясы және «Ереймен күрес клубы» қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетіп отыр. Бұл турнир – жастар арасында спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауда маңызды қадам болып табылады.
Ұйымдастырушылар барша спорт сүйер қауымды турнирге келіп, қатысушыларға қолдау көрсетуге шақыруда.