Әлі есімде, біледі жұрт біледі,
Ел басына қатер төнген жыл еді
Қимастарын қан майданға ұзатқан
Қарс айырылған аналардың жүрегі …
Осы өлең жолдары біздің аяулы анамыз Жүсібалина Қапиза Балпейісқызына арналғандай . Анамыздың саналы өмірі тұнып тұрған шежіре, иә, бұл артық айтқандық емес.
Қапиза Балпейісқызы 1919 жылы Ақмола облысы Оразақ ауылында дүниеге келді. Әкесі Балпейіс озық ойлы, заманның ағымын тани білген , қолынан іс келетін адам еді. «Әкем жүйрік ат, ұшқыр тазы ұстаған танымал аңшы еді. Ағасы Әбілпейіс мал бағып, қойды Қараөткел базарына саудалап, ақшасын тай- тұяқ ,алтын-күміс түрінде әкелетін. Біз өте дәулетті отбасы болдық. 1937 жылы жаппай кәмпескелеу біздің отбасына қайғы әкелді, әкешім ағасы екеуі кулак ретінде айдалды. Сонда екеуінің соңынан шырылдап мен ғана іздеп, этаптың Көкшетауға бағыт алғанын білдім, жаяулап-жалпылап жеттім ғой арттарынан – деп, анашым ,терең күрсініп, бізге айтып отыратын. Аяқтарында кісен, алыстан соңғы рет көргенім, тымақтары жасыл-қызыл пүліш еді , содан таныдым, Алла ешкімге мұндай жағдайды көрсетпесін. Атаң Мүсәлләм екеуіміз дәм жазып 1937 жылы қосылдық. 1941 жылы 22 июньде соғыс басталды. Қыршын боздақтар лек-легімен майданға аттанды, қолымда кішкентай ұлымыз Манап жүрегім қан жылап, әкесін соғысқа шығарып салдым. Содан ол кісінің туған ауылы Елтайға көшіп бардым. «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!» – деп аянбай еңбек еттік. Егін егу , астық тасу жұмысында жүрдік. Өгізбен қалаға транспорт тартатынбыз. Шаршап-шалдығып элеваторға келесің, сонда 70 кг қапты арқалап, өзіміз таситынбыз. 1943 жылы Азат МТС-іне колхоз механизаторлық курсқа жіберді. Оқуымды бітіргесін «ХТЗ» тракторында тізгіндеп жүрдім. Жан-жарым Мүсекеңнен хат келіп тұрды. «Жан – жолдасым Қапиза Манабымды жылатпа, бөбегімді жылатып, ешкімнің қолына қаратпа»- деп өлең жазыпты , ол менің байтұмарыма айналды.
Ал, енді келесі кезекте атамыз туралы шағын естелік айтсам деп отырмын. Мүссәләм Жүсібәліұлы Елтай ауылында туған. Әкесі Жүсібәлі көзі ашық, сауатты молда болған екен. Кішкентай ұлын ұлы бабамыз Науан Хазіреттің шәкіртіне «Андағұл-Терексай» деген жерге оқуға берген. Соғыста I Украин, Белорусь майдандарында соғысқан. Әскер кітапшасында атты әскер құрамында , одан, артилерист болып етігімен су кешіп, Отан қорғады делінген. Көрсеткен ерліктері үшін орден- медальдармен марапатталды. Маршал Жуков, Сречконың алғыс хатын алған. Соғысты бүкіл Европаны жаяу кешіп, Берлинде бүкіл ел аңсаған Ұлы Жеңіс күнін қарсы алды.
«Қанша үйдің ұрлап адамын, Қанша үйде сөніп қалды оттар Барады үнсіз түнеріп, Соғыстан қайтқан солдаттар»-, дегендей, осы өлең жолдары сонау 1945 жылы елге оралған аталарымыз туралы. Біз сол кісілердің ұрпақтары олардың ерлігіне тағзым етіп, есімізден шығармауға тиіспіз. Қаншама боздақтар қан майданда опат болды. Хабарсыз кеткендері бар. Міне, биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл. Адам жаны толқитын, жүрегі тебіренетін қасиетті мереке. «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген ұлағатты сөз бар. Мен осы шағын естелігімді Ұлы Отан соғысының ардагерлері Мүссәләм Жүсібалі ұлына , ақ жүзін сары етіп, жас жүзін кәрі етіп, тылда аянбай еңбек еткен Қапиза Балпейісқызының рухтарына арнадым.
Торғын Ермағанберқызы Жүзібалина.