spot_img
Сенбі, Сәуір 19, 2025
3.2 C
Kokshetau

Елдегі басты аграрлық өңір көктемгі егіс науқанына дайын

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысының диқандары көктемгі егіс жұмыстарына белсенді түрде дайындалуда. Қоймаларда – егістікке арналған бидай тұқымы мен өсімдіктерді қорғау құралдары мен жаңа техника сатып алынды, сондай-ақ өткен жылғы қарыздық міндеттемелер орындалды. Басты мақсат – мол өнім алып, түрлі тәуекелдерге жан-жақты дайын болу. Бұл Көкшетауда өткен агро­кеңесте көтерілген негізгі мәселе болды. Аталған іс-шараға өңірдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 600-ден астам өкілі, ғылыми-зерттеу институттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті зор екенін, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және аграрлық секторды дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Қазақстанның әлемдік агроөнеркәсіптік кешен көшбасшыларының біріне айналуына барлық мүмкіндігі бар екенін ерекше атап өтті. Сондықтан көктемгі егіс жұмыстарын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде, агротехнологиялық талаптарды сақтай отырып және ресурстарды тиімді пайдаланып өткізу қажет. Өткен жылы Ақмола облысы еліміздің басты астықты өңірі мәртебесін ие екендігін тағы  дәлелдеп, 6,5 млн тонна көлемінде рекордтық өнім жинады. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген субсидиялау мен жеңілдетілген несие сияқты қолдаудың нәтижесі. Биылғы міндет – агроөнеркәсіптік кешендегі осы қарқынды сақтау», – деді өңір басшысы.

Ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады. Ол аграршыларға өнімділік пен тиімділікті арттыру үшін барлық қолжетімді тетіктерді пайдалануға шақырды.

«Өткен жылы басталған көктемгі егіс науқанын жеңілдетілген қаржыландыру биыл да жалғасын тапты. Былтыр қолайлы ауа райы мен жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізілді. Биыл да осы қарқынды сақтауымыз қажет. Президент тапсырмасына сәйкес, жеңілдетілген несиеге өтінімдер қабылдау өткен жылдың қарашасынан басталды. Бұған дейін «Кен дала» бағдарламасы бойынша қаражат мамырда түсетін. Қазір жеңілдетілген несиелеудің жалпы сомасы 700 млрд теңгеге жетіп, жаңа рекорд орнады. Былтыр бұл сома 580 млрд теңге болатын. Қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін қаражат алуға арналған арналар саны 6-ға дейін кеңейді: қаражатты Аграрлық несие корпорациясы, ӘКК, екінші деңгейлі банктер, несиелік серіктестіктер, өңірлік инвестициялық орталықтар мен микроқаржы ұйымдары арқылы алуға болады», – деді Азат Сұлтанов.

Сондай-ақ ол биыл техниканы жеңілдетілген лизинг арқылы қаржыландыру көлемі 200 млрд теңгеге дейін артқанын, ал форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 30 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінетінін атап өтті. Тыңайтқыштар енгізу, тұқым сапасы мен егіс алқаптарын әртараптандыру мәселелері де басты назарда екенін жеткізді.

Көктемгі егіс жұмыстарын ұйымдастыру барысы туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан баяндама жасады. Ол өңірдегі дайындық жұмыстары жөнінде мәлімет берді.

Биыл өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға шамамен 200 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде 63,3 млрд теңге – субсидиялар, 140 млрд теңгеге жуығы – жеңілдетілген несиелеу мен форвардтық сатып алуға бөлінген қаржы.

Шаруалар арасында «Кен Дала» және «Кен Дала – 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары үлкен сұранысқа ие. Бүгінде 96,5 млрд теңгеге 606 өтінім беріліп, оның 413-і мақұлданып, жалпы сомасы 65,9 млрд теңгені құрады.

Өнімділікті арттыру мақсатында топыраққа 336 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда тыңайтқыш енгізілетін алқаптар көлемі 78 мың гектарға ұлғаяды. Қазіргі таңда отандық өндірушілермен 66,9 мың тонна тыңайтқышты жеткізу бойынша 266 келісімшарт жасалды. Тұқыммен қамтамасыз ету бойынша да ауқымды жұмыс атқарылды.

Ауыл шаруашылығы техникасын дайындау да маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда барлық техника дайын. Егіс жұмыстарына шамамен 37 мың бірлік техника жұмылдырылмақ.

Жиын барысында сондай-ақ ТОО «А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының» басқарма төрағасы Тимур Савин, ТОО «Жер-1» кәсіпорнының бас агрономы Светлана Орехова, ТОО «Журавлевка-1» бас агрономы Николай Цеонель, ТОО «Дихан Плюс» директоры Денис Швайбович және РМК «Қазгидромет» Ақмола филиалының директоры Бақыт Макажанова сөз сөйледі.

Агро­кеңес қорытындысы бойынша көктемгі егіс науқанына 100% техника дайындығын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін арзандатылған дизель отынымен уақтылы қамтамасыз ету және тұқым жаңарту көрсеткішін арттыру тапсырылды.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

«ШӘМШІ» ЭЛЕГИЯСЫ КӨКШЕТАУДА!

2025  жылы 1 мамыр күні Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтарының назарына...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img
Яндекс.Метрика