Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Жарқайың ауданына барып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өткізді. Жиында көктемгі егіс науқанына дайындық пен оның барысы талқыланды.
Сондай-ақ, өңір басшысы су тасқыны кезінде көрсеткен көмек үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына ризашылығын білдіріп, агроөнеркәсіп кешенінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесіне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Қазақстанның әлемдік деңгейде аграрлық сектордың көшбасшысына айналуына зор мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Сондықтан көктемгі дала жұмыстарын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізіп, агротехнологиялық талаптарды сақтап, барлық ресурстарды тиімді пайдалануымыз қажет», – деді Марат Ахметжанов.
Бүгінде өңірдегі диқандар жылдық мөлшерлемесі 5% болатын «Кең Дала» және «Кең Дала – 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын белсенді пайдаланып келеді. Мемлекет қолдауының арқасында биыл көктемгі егіс жұмыстары ерте кезеңде қаржыландырылып отыр. Сондай-ақ облыс әкімі аграрлық саладағы халықаралық ынтымақтастықтың кеңейіп жатқанын да тілге тиек етті. Қазіргі таңда Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне өнім жеткізу бойынша келісімшарттар жасалған. Тасымалдауды субсидиялау, астықты тегін сақтау және биржалық саудаға жағдай жасау сияқты қолдау шаралары қарастырылған.
Аудан әкімі Ербол Жүсіпбековтің айтуынша, бүгінде Жарқайың ауданында 66 мың тонна тұқым себуге дайын. Техниканың дайындығы – 98 пайыз. Биылғы жылы аудан бойынша 662,3 мың гектар алқапқа дән себілмек. Жалпы ауданда 480-нен астам ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді.
Жоспарға сәйкес, дәнді дақылдармен қатар мал азығы, картоп пен көкөніс те егіледі. Аграрийлер минералды тыңайтқыштар, жанар-жағармай және өсімдікті қорғау құралдарын жеткізу бойынша келісімшарттар жасап жатыр. Көктемгі егіс науқаны кестеге сай жүріп жатыр.
Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекеттік қолдаудың түрлі тетіктері іске қосылған. «Кең Дала – 2» бағдарламасы аясында 8 млрд теңгеге жуық сомаға 90 өтінім берілген. Оның 62-сі тікелей «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асырылған. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал шаруашылығы мен өңдеуді дамытуға бағытталған 45,4 млн теңгені құрайтын 7 жоба мақұлданды.
«Біздің ортақ мақсатымыз – ауыл шаруашылығы саласының локомотивіне айналу. Бұл – елдің азық-түлік қауіпсіздігі тікелей тәуелді болатын стратегиялық сала. Әр гектар жерді тиімді пайдаланып, топырақты ұқыпты сақтауымыз және заманауи технологияларды енгізуіміз қажет», – деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімі.
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.