Көктемнің келуімен Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының су айдындары ерекше режимге көшеді – балықтардың уылдырық шашу кезеңі басталады. Бұл уақытта балықтар уылдырық шашып, кез келген адам араласуы экожүйеге елеулі зиян келтіруі мүмкін. Осыған байланысты өңірде балық аулауға маусымдық тыйымдар күшіне енді. Бұл туралы брифингте Есіл өңіраралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Ақмола облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрлан Төлеген мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Инспекция өкілі атап өткендей, шектеулер ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес қолданылады. Құжат алдағы айларда балық аулауға толық тыйым салынатын кезеңдер мен орындарды реттейді. Бұл кәсіптік және әуесқой балық аулауға қатысты.
«Сәуірдің ортасынан бастап, шортан, язь, көксерке және басқа да балық түрлері, сондай-ақ өзен шаяндары, гаммарус және артемия цисталары ерекше қорғауға алынады. Есіл, Нұра, Сілеті өзендерінде, сондай-ақ олардың барлық салаларында және су қоймаларында балық аулауға жеке тыйым салынады. Бұл шаралар су жануарларының түріне байланысты әртүрлі мерзімде әрекет етеді, бірақ олардың басты мақсаты – көбею мен популяцияны қалпына келтіруге қауіпсіз жағдай жасау», – деп хабарлады балық инспекциясы бөлімінің басшысы.
Нұрлан Олжабайұлы «Нерест» акциясы жыл сайын өткізіліп, тек су айдындарында бақылауды қамтамасыз етуді ғана емес, сонымен қатар азаматтардың табиғатты сақтау мәселелеріне назарын аударуды мақсат етеді. Оның айтуынша, балық ресурстарын қорғау – тек инспекторлардың міндеті емес, әрбір тұрғынның жауапкершілігі. Спикер кез келген заң бұзушылықтар, заңсыз балық аулау немесе тіршілік ету ортасын жою әкімшілік, ал кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.
Инспекция тұрғындарға мұқият болуға, белгіленген ережелерді сақтауға және браконьерлікке жол бермеуге шақырады. Тыйым салынған мерзімдер мен орындар туралы толығырақ ақпаратты adilet.zan.kz сайтынан алуға болады.
Егер сіз заңсыз балық аулаудың куәсі болсаңыз, бей-жай қалмаңыз. Заң бұзушылықтар туралы келесі жедел желі нөмірлері арқылы хабарлауға болады: Ақмола облысы – 8 (7162) 31-00-04, Солтүстік Қазақстан облысы – 8 (7152) 36-10-45 және 8 (705) 653-35-25.