Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде аймақтық «Серпін» жобасын жүзеге асыру бойынша Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың төрағалығымен кезекті отырыс өтті. Кездесуге университет ректоры Марат Сырлыбаев қатысып, жобаның маңыздылығын және университетте студенттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Отырыс барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, жобалық кеңсе басшысының орынбасары А. Қапышев 2024 жылғы түлектерді жұмысқа орналастыру мониторингінің қорытындылары туралы және 2025 жылы «Серпін» жобасы бойынша оқуды аяқтайтын түлектерді жұмысқа орналастырудың перспективалары мен проблемалары туралы туралы хабардар етті.
Түлектердің жұмысқа орналасуына көмектесу мәселесі басты назарда. Ағымдағы оқу жылында бағдарлама аясында 377 түлек оқуын аяқтауда, оның ішінде педагогикалық мамандықтар бойынша – 319 студент, ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтары бойынша – 58 студент. 23 мамандық бойынша 1635 студент оқуын жалғастыруда.
Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Е.Мұхамедин өз сөзінде жұмыстың негізгі бағыттарын атап өтті, сонымен қатар Ақмола облысының жастарын жұмысқа орналастыру бойынша қабылданып жатқан шаралар және жоғары оқу орындары жанындағы мансап және жұмысқа орналастыру орталығының жергілікті жерлердегі мансап орталықтарымен тығыз өзара іс-қимылы бойынша жұмысты жандандыру туралы мәселесімен таныстырды.
Сонымен қатар, Ақмола облысының білім басқармасы басшысының орынбасары В. Гамазов өз баяндамасында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында «Серпін» жобасын іске асыруды жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шаралар, сондай-ақ жұмыс күші артық өңірлердің мектептерінде кәсіптік бағдарлау жұмыстарын жүргізу бойынша отырыстың қатысушыларына жеткізді.
Жиында «Серпін» бағдарламасының түлектерін ауылдық жерлерде баспанамен қамтамасыз ету мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде талқыланды. Шешімнің бірі – «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша қолдау көрсету.
Отырыс қорытындысы бойынша Ақмола облысы әкімінің орынбасары Д.Айтбаев «Серпін» жобасын жүзеге асыру аясында атқарылуы тиіс бірқатар міндеттер қойды.
Еске сала кетейік, «Серпін» бағдарламаның негізгі мақсаты – халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы (Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстары) жастарды кадр жетіспеушілігі бар Қазақстанның шығыс, солтүстік және орталық өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру.