Астана, 2025 жылғы 13 наурыз — Қазақстанда малайзиялық инвестор мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық Компаниясы» АҚ арасындағы инвестициялық келісімшарттың бұзылуына байланысты баспасөз конференциясы өтті.
Іс-шараның спикерлері – малайзиялық инвестор Хии Вэй Вэн, оның компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің бас директоры Шыңғыс Аханов және Tamos Space School директоры Нұрболат Бисенғалиев – өз мәлімдемелерінде бұл жағдайдың Қазақстандағы шетелдік инвесторларға деген сенімге кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
Мәселе неде?
2018 жылы малайзиялық инвестор Астанадағы 14,5 гектарлық аумақта ауқымды құрылыс жобасына шақырылған. Жобаға 96 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған, оның 20 млрд теңгесі игерілген.
Бұл қаражатқа тұрғын үй кешендері мен халықаралық Tamos Space School мектебі салынды. Бұл білім ордасы Массачусетс технологиялық институты мен Кембридж университетімен серіктестікте жұмыс істейді.
Спикерлердің айтуынша, инвестор инженерлік инфрақұрылымға 1,6 млрд теңге жұмсап, мектеп пен үйлерді су, жарық және жылу жүйелеріне қосты.
Алайда, 2024 жылдың ақпан айында «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық Компаниясы» АҚ күтпеген жерден келісімшартты бұзып, инвестордың 700 мың теңге көлеміндегі қарызын себеп етіп көрсеткен. Инвестор бұл соманы келісімшарт бұзылмай тұрып толық өтегенін айтады.
Инвестор не дейді?
Хии Вэй Вэн Қазақстанның экономикалық тұрақтылығына сенгенін айтып, мұндай жағдайдың елдің инвестициялық беделіне кері әсер ететінін жеткізді:
«Біз миллиардтаған теңге салдық, жұмыс орындарын аштық, инфрақұрылым құрдық. Енді бізді елден кетуге мәжбүрлеп отыр. Бұл жай ғана біздің жеке жағдайымыз емес – бұл халықаралық инвесторлар үшін дабыл белгісі», – деді ол.
Компанияның Қазақстандағы өкілі Шыңғыс Аханов құрылыс жұмыстары басталған кезде аумақтың мүлде бос алаң болғанын еске салды:
«Онда инфрақұрылым атымен болған жоқ: су құбыры да, электр желісі де, жылу жүйесі де жоқ еді. Біз мұның бәрін өз қаражатымызға салдық», – деді ол.
Ал Tamos Space School директоры Нұрболат Бисенғалиев мектептің болашағына алаңдайтынын жеткізді:
«Егер инвестор кетсе, мектеп жабылып қалуы мүмкін. Бұл тек біздің білім ордамызға ғана емес, халықаралық стандарттар бойынша білім алып жүрген жүздеген балаға да соққы болады», – деді ол.
Қазақстанның инвестициялық беделіне қауіп төнді ме?
Бұл оқиға шетелдік инвесторлар үшін үлкен қауіп туғызуы мүмкін. Қазақстан өзін халықаралық инвестицияларға ашық ел ретінде көрсеткенімен, мұндай даулы жағдайлар елдің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.
Сонымен қатар, бұл шешім 2023 жылғы 13 желтоқсандағы Инвестициялық штаб отырысының хаттамасына қайшы келеді. Бұл құжатта келісімшартты бұзу туралы шешім Бас прокуратурамен келісілмейінше қабылданбауы тиіс екені көрсетілген.
Спикерлердің айтуынша, прокуратура келісімшартты бұзуға болмайтынын ресми түрде ескерткеніне қарамастан, бұл құжат сотта еленбей қалған.
Алдағы қадамдар қандай?
Инвестордың заңгерлері халықаралық қауымдастыққа жүгінуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, бизнес өкілдері мен сарапшылар Қазақстан үкіметін араласып, әділеттілікті қалпына келтіруге шақырды.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы тағайындаған Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров Бас прокуратураға өтініш жолдап, Жоғарғы Сотқа кассациялық наразылық енгізу қажеттігін сұрады. Бұл өтініш келісімшарттың бұзылуының заңдылығын және оның елдің инвестициялық ахуалына ықтимал салдарын қарастыру мақсатында жасалды.
«Бұл жағдай – жай ғана жеке дау емес. Бұл оқиға Қазақстандағы инвесторлардың құқықтарын қорғаудағы жүйелі проблемаларды айқындайды. Егер шешім қайта қаралмаса, елге инвестиция салудан бас тарту толқыны орын алуы мүмкін», – деді Нұров.
Қосымша ақпарат үшін:
Малайзиялық құрылыс компаниясының Қазақстандағы өкілдігі
Өтетін орны: Астана қаласы, Sheraton Astana Hotel, Сығанақ көшесі, 60/1, 3-қабат, «Ballroom III» залы
Байланыс: +7 701 741 10 07
Электрондық пошта: malaysian.pressconference@gmail.com