Ақмолалық спортшы Вадим Куралес IX қысқы Азия ойындарында биатлоннан спринтерлік жарыста тағы бір күміс жүлдені жеңіп алды.
Ақмола облысының әкімі спортшыны жеңісімен құттықтады.
«Вадим Вадимовичті, жаттықтырушылар штабын және барлық биатлон жанкүйерлерін құттықтаймыз. Сіздің табандылығыңыз, кәсіпқойлығыңыз және жеңіске деген ұмтылысыңыз жанкүйерлер мен биатлонға қызығушылық танытатын жандарды шабыттандырады. Сізге жаңа жеңістер, тұрақты нәтижелер және халықаралық жарыстарда жарқын табыстар тілейміз», – делінген құттықтауда.
Айта кетейік, IX қысқы Азия ойындарында ақмолалық спортшылар жалпы 11 медаль жеңіп алды.
8 ақпанда Никиша Денис пен Жақсыбаев Мерсаид, Хан Яна мен Тихонова Ольга 2000 метрге аралас эстафетада шорт-тректен күміс жүлдеге ие болды. Классикалық стильдегі шаңғы жарысында Константин Борцов екінші орын алды.
9 ақпанда жерлестеріміз Хан Яна мен Тихонова Ольга 3000 метрлік әйелдер эстафетасында екінші орынға ие болса, Никиша Денис пен Жақсыбаев Мерсаид 5000 метрлік эстафетада еліміз үшін тарихи алтын жүлдені жеңіп алды. Бұл – Қазақстан құрамасының осы ойындардағы алғашқы алтыны.
10 ақпанда Олжас Климин 10 км қашықтыққа шаңғы жарысында қола медаль жеңіп алды.
Осылайша, Ақмола облысының спортшылары ел құрамасының медаль қоржынына 1 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль салды.
Жалпы, Қазақстан құрамасы сапында Ақмола облысынан 14 спортшы қатысуда.