Өркениет үшін – өрелі қызмет.
АВТОР: Көкшетау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт ММ Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиев.
Көкшетау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесіне 12 кітапхана қарайды. (Олардың ішінде біреуі бүгінгі талапқа сай электрондық кітапхана.) Тұрғындарға қолайлылық үшін олар облыс орталығының әр бөлегінде орналасқан. Осы кітапханаларда барлығы 191 459 кітап қоры бар. Оның ішінде 97695 кітап мемлекеттік тілде. Кітап қоры оқырмандар ұсынысына, сұранысқа қарай жаңа кітаптармен толықтырылып отырылады. Тозған, пайдалуға келмейтін кітаптар іріктеліп, жоспарлы түрде есептен шығарылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам- Адал еңбек- Адал табыс» атты үшінші отырысында кітап оқу, кітапқұмарлық, жастарды кітап оқуға баулу, кітапхана саласына , бұл саланың маңыздылығына тоқталды. «Кітапхана- мемлекеттің , ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан, кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды» деді ол. Президент кітап оқитын ұлт қалыптастыру, кітаптың оқырмандарға қолжетімділігі туралы ойларын басқа да сөйлеген сөздерінде, сұхбаттарында да үнемі айтып жүреді. Елімізде 24 қазан- Кітапханашылар күні, 23 сәуір- Ұлттық кітап күні болып болып белгіленді. Осылайша , көңіл бөлініп, назар аударылуы кітапханашылар жұмысына жаңа серпін бергені анық.
Біздің жұмысымыз атаулы күндер, айтулы оқиғалар, мемлекеттік мерекелер ескеріле отырылып жасалатын жан-жақты талқыланып, бекітілген жоспармен бойынша жүреді. Оған қоса 12 клуб жұмыс істейді. Өткен жылы жоспарлы шаралардың бәрі де уақытымен және мазмұнды өтті. Әр шараға сол тақырыпты терең білетін, сол бағытта ізденіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген ғалымдар, өңірдің ақын жазушылары, қоғам белсенділері шақырылады. Бұл ретте шараларымызға үнемі келіп қатынасып, мол мағлұматтар айтып жүрген ғалымдар- Сәбит Жәмбек, Қасиет Малғаждаров, Аманжол Есмағұлов, Ғалым Мұсатайұлы, ақын-жазушылар Құдайберлі Мырзабек, Әлия Ахетова, Ерболат Баятұлы, Арман Бердалин, Қаратай Төлекеев, А.К Байковская, Нұрболат Әлменов, Бақытбек Бекмұратұлы, өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысұлы, тағы басқаларды атауға болады. Танымал суретшілер Манарбек Бүрмағанов, Аманбай Шүйінішев, Виктор Кубрин , қолөнершілер Бегжан Алмасбек, Арман Елжасұлы, Г.В Пархоменколер үнемі біздің шараларымызға атсалысып жүреді. Осы ықтияттылықтары үшін ол кісілерге айтар алғысымыз шексіз. Мектеп оқушылары, колледждер мен жоғарғы оқу орындарының студенттері олармен кездесулерден көп тәлім алады.
Ал, өткен 2024 жылы өткен шаралардың ішінен ерекше сәтті, есте қаларлықтай болып өтті деп Красный яр қалалық үлгілі кітапханасының Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына арнаған, қазақ кітапханасының Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына арнаған, орталық кітапхананың Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығына арнаған, электрондық кітапхананың Баянғали Әлімжановтың 70 жылдығына арнаған, балалар кітапханасы мен балалар және жасөспірімдер кітапханаларының 1-ші маусым Балаларды қорғау күніне байланысты өткізген , «Достар» мәдениет сарайы жанындағы кітапхананың Ұлттық домбыра күніне арнаған, «Салтанат сарайы» жанындағы кітапханың Абай күніне арнаған , тағы басқа көптеген іс-шараларды айтуға болар еді. Бердібек Соқпақбаев, Оралхан Бөкеев, Герольд Бельгер шығармашылықтары жайында өткен шаралар тереңдіктерімен есте қалды.
2025 жылдың жоспарында да айшықты тақырыптар, аталып өтер қоғам қайраткерлері, ғалымдар, қаламгерлер мен өнер қайраткерлерінің мерейтойлары баршылық. Мәслен, Ілияс Есенберлиннің 110, Шоқан Уәлихановтың 190, Үкілі Ыбырайдың 165, Жұмабек Тәшеновтің 100, Міржақов Дулатовтың 190 , Шәмші Қалдаяқоавтың 95, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы. Осының бәрі біздің тыңғылықты дайындығымызды- олар туралы кітаптарды, газет-журналдарға шыққан мақалаларды тауып, оқып зерделеуімізді, олар туралы мазмұнды әңгімелер өрбітушілерді тартып, оған лайық тыңдаушыларды ұйымдастырып, сәтті, тиімді көрмелер ұйымдастыруымызды қажет етеді. Әрине, әр күн сайын кітапханашы келген оқырманды мәдениетті түрде қарсылап, қалаған кітабы немесе басылымын табуына көмектесіп, біліктілік тагытуы керек. Қомақты іс-шаралар оларды кәсіби тұрғыда шыңдай түседі. Президент тапсырмасына орай жұмысшы мамандықтарын насихаттау мақсатымен осы әлеуметтік желілерде «Еңбекқор» атты роликтерді тұрақты түрде жариялап тұрмақпыз. «Көкше» теларнасындағы «Кітап-қазына» хабары да жалғасын таппақ. Жақын арада Астанадағы Академиялық кітапхана меңгерушісі Ғазиза Құдайбергенқызының «Кітапханашы күнделігі» деп аталатын кітабын талдамақпыз. Бұл кітаптың бүгінгі кітапханашы жұмысы, мінез-құлқы , арман-мүддесі туралы айтары көп. Әріптесіміздің осы еңбегінің біздің күнделікті ісімізге оң әсер тигізеріне сенімім мол. Қысқасы, кітапханашының жаңа имеджін қалыптастытуға, жастардың осы мамандықты таңдауына ықпал етеді, деген үміттеміз.
Заңғар жазушы, ойшыл Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен- кітап, адамзат еткен- кітапхана» деген сөзі жиі айтылады. Кітаптың рухани азық екеніне, ізгілікке тәрбиелейтініне, адамның білім-білігін толтырып, тәрбиелейтіне ешкімнің дауы жоқ. Соған қарамастан, электроника қарыштап дамып, өмірімізге енген бүгінгі таңда бірқатар адам кітаптан, кітап оқудан қол үзіп кетті. Қоғам кітап оқу мәдениетін біртіндеп жоғалтып жатыр. «Кітабы жоқ үй жаны жоқ дене сияқты» депті бағзы бір заманда әйгілі Цицерон. Қазіргі жастар үйлерінде жеке кітапхана ұстауға құлшынбайды. Бұрын ол- жас адамның өркениетке құлшынысының, мәдениеттіліктің көрінісі болатын. Адамдар жас кезінен кітап таңдап, жинай бастайтын…
Міне, осындай заманда талапқа сай жабдықталған, қолайлы, іздегеніңді табатын кітапханалар қызметін пайдалану алға шығып отыр. Президенттің Алматыда, Астанада тәулік бойы жұмыс жасайтын тамаша кітапхана ғимараттарын салуға тапсырма беруі де осы үрдіске байланысты деп білеміз. Алдағы уақытта Көкшетауға да сондай ғаламат ғимарат саланатын шығар.
Кітап оқыған қоғамның зиялылығы арытып, кітап оқыған адамның мәдениеті өрге басары сөзсіз. Кітапхана есігі ашық. Кітап жетерлік. Мыңдаған кітап цифрландырылған, компьютерде тұр. Ендігі мәселе алаңы көп тұрғындардың назарын мазмұны терең, оқиғасы шытырман, айтары көп кітаптарға бұрып, қызықтыру. Осы мақсатта біз үнемі жаңа кітаптар, немесе, бұрыннан бар атақты кітаптарды таныстырып, мақалалар жазып, роликтер түсіріп, танымал адамдармен сұхбаттар жасап, пікірлерін жариялаймыз. Бұл бағытта белсенді жұмыс жүргізіп келеміз және жүргізе де бермекпіз. Өйткені, қайткен күнде де кітап оқудан мүлдем қол үзуге болмайды. Сондықтан, өз тұрақты оқырмандарымызбен тиянақты жұмыс жасап, олардың санын арыттыра түсу үшін тынбай еңбек ете бермекпіз.