Щучинск қаласында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған АИТВ-инфекциясының алдын алу бойынша үгіт-насихат бригадаларының байқауы өтті.
Дәстүрлі байқау Бурабай ауданының жалпы білім беретін мектептерінен 17 команданың басын қосқан онлайн және офлайн режимінде екі кезеңде өтті. Байқау барлығы үш сағатқа созылып, онда әр команда өздерінің шығармашылық қабілеттері мен жасампаздықтарын қолдана отырып, АИТВ инфекциясы туралы ақпарат берді.
Іс-шараны ұйымдастырушы Щучинск қаласындағы «Арман» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы болды, оның бастамасымен ауданда салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған жыл сайын түрлі іс-шаралар өткізіледі.
Бурабай өңірінде жыл сайын өткізіліп келе жатқан шараға Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының баспасөз хатшысы Нурлыбек Конуспаев құттықтау сөз сөйледі.
«Ұйымдастырушыларға АИТВ-инфекциясының алдын алуға бағытталған осындай жыл сайынғы бастамалары үшін алғыс айтамын. Осы шараға қатысып, салауатты өмір салтын насихаттауда белсенді азаматтық танытып жүрген ұжымдарды ерекше атап өткім келеді. Байқаудан кейін оқу орындарында өз қатарластарыңыздың алдында жарқын да әсем өнер көрсететіндеріңізге сенімдімін, бұл жастар арасында АИТВ-ға байланысты қорқынышты жеңуге және ақпараттандыруға көмектеседі», – деп бөлісті орталықтың баспасөз хатшысы.
Байқау қорытындысы бойынша ауданның ауылдық мектептері арасынан бірінші орынды Баянбай ауылының жалпы білім беретін мектебі мен Атамекен ауылының жалпы білім беретін мектебі, ал Щучинск қаласының мектептері арасыннан № 5 жалпы білім беретін мектебі жеңіп алды.