Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жұмыс сапары барысында Ақмола облысының бірқатар медициналық ұйымдарға барды. Ол медициналық мекемелердің жағдайымен танысып, өңір тұрғындарымен кездесу өткізді.
Толығырақ, Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Камила Абдельманова баяндады.
Министр өңірдегі сапарын Аршалы ауданындағы Жібек Жолы ауылындағы отбасылық денсаулық орталығынан бастады. Қазіргі уақытта орталық 1 жарым мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді және күніне 50 адамды қабылдауға арналған. Жалпы, мекеме кең ауқымды медициналық көмек көрсетеді. Орталықта стационарды алмастыратын көмек бөлімі мен дәріхана пункті бар. Ақмарал Әлназарова орталықтың қызметін оң бағалап, мемлекет Президентінің тапсырмасына сәйкес ауылдық денсаулық сақтауды жақсартуға ерекше көңіл бөлінетнін атап өтті.
Келесі кезекте министр Аршалы аудандық ауруханасының жұмысымен танысты. Аурухана жанында ауысымына 200 қабылдауға арналған емхана және 65 орындық тәулік бойы жұмыс істейтін стационар бар. Биыл денсаулық сақтау мекемесінде күрделі жөндеу аяқталуда. Ақмарал Әлназарова ғимараттың жағдайын, бастапқы медициналық-санитарлық және стационарлық көмек көрсетуді тексеріп, науқастармен әңгімелесті. Сонымен қатар, ведомство басшысы дәрігерлер мен медициналық қызметкерлермен кездесті.
«Биыл Ақмола облысының ауылдарына 2023 жылы келген 110 дәрігерге жалпы сомасы 483 миллион теңгеге жуық бір реттік әлеуметтік қолдау көрсетілді. Медициналық қызметкерлердің әлеуметтік мәселелері кешенді түрде шешіліп, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жалдау ақысы мен көтерме төлемдерді төлеу қарастырылған», – деп атап өтті министр.
Тұрғындармен және қоғамдық ұйымдармен кездесуде Ақмарал Әлназарова Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттердің жүзеге асырылуы туралы айтты. Қазіргі уақытта бірыңғай медициналық көмек пакетінің жобасы әзірленіп, бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құру жұмыстары жүргізілуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбеков өңірдегі медициналық саланың дамуындағы негізгі нәтижелер туралы баяндады. Оның айтуынша, ауылдық жерлердегі медициналық мекемелердің құрылысы мен жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ақмола облысында 38 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанының құрылысы жалғасуда. Қараша айында 11 нысанның құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру аясында өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы ресурстар тарту жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Көкшетау қаласында 630 орындық заманауи көпбейінді облыстық аурухана және Қосшы қаласында 1000 қабылдауға арналған емханасы бар көпбейінді аурухана құрылысы жоспарланған.
«Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту мақсатында биыл жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 4,4 миллиард теңгеге 510 бірлік жабдық сатып алынуда. Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржылық лизинг аясында 3,7 миллиард теңгеге 50 жедел медициналық көмек көлігін сатып алу туралы келісімшарт жасалды», – деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Сонымен қатар, Ақмарал Әлназарова тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, негізінен медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, дәрігер кадрларын тарту, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды
«Қазіргі уақытта біз адамға бағытталған медициналық көмек моделін құруға бет бұрдық. Яғни, медициналық қызметтер пациент қай жерде тұрса да, қолжетімді, сапалы және жедел болуы керек. Мұнда біз уақыт пен ресурстарды тиімді пайдалану үшін цифрлық платформалардың мүмкіндіктерін қолданатын боламыз», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Сондай-ақ, ведомство басшысы азаматтарды жеке қабылдау өткізді, онда ол өңір тұрғындарының мәселелерін қарап, тиісті басқармалар мен бөлімдерге оларды шешуге жәрдемдесуді тапсырды.