spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7 C
Kokshetau

Көкшетауда Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына орай конференция өтті 

Сондай-ақ...оқыңыз

АВТОР : Жабал ЕРҒАЛИЕВ. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Көкшетауда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қолдауымен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік Университетінде қоғам және мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына орай конференция болып өтті. Конференция жұмысына модераторлық еттім.

Конференция жұмысына мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Астанадағы Сәкен Сейфуллин музейінің директоры Марат Әбсеметов қатысты.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова коференция жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімі Марат Ахметжановтың құттықтауын жеткізіп, Сәкен Сейфулиннің есімін ұлықтау жайына тоқталды. «Қазір Ақмола облысында Сәкен Сейфуллин атымен аталатын мектептер, көшелер, селолық округ бар. Біздің өңіріміз Сәкен Сейфуллин есімімен тығыз байланысты. Ақын «Көкшетау» атты поэма жазды, Көкшетауды әнге қосты. Ақынның қайтыс болған ұлы Аян осы Көкшетаудың мұсылмандар зиратында жатыр. Ақын мұрасын насихаттауда үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр»-, деді Алтыный Әміренова.

-Сәкеннің өмірі мен ғұмыры мемлекетке, елге адал қызмет етудің тамаша өнегесі болып саналады,- деді өз сөзінде Оралбай аға Әбдікірімов. – Қазіргі уақытта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділ де, адал Қазақстан құру жолындағы бастамаларына әрдайым қолдауға тиістіміз. Ол үшін бүгінгі ұрпақ ең әуелі Сәкен сынды алаш қайраткерлерінің ғұмырнамасын жетік білуге тиісті. Сәкен конференциясын ұйымдастырып отырған Ақмола облысына, оның басшысы Ахметжановқа ризашылығымызды білдіреміз!

Белгілі ғалымдар Серік Негимов, Дихан Қамзабекұлы, Марат Әбсеметов өз сөздерінде Сәкен Сейфуллиннің тек ақын ғана емес, ол сонымен қатар мемлекет қайраткері екендігін дәлелдей айтты. Сәкен Сейфуллиннің алғашқы аэроғарыш метебін ұйымдастырғандығын, кеңсе іс қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуін жолға қойғандығын, басқа да беймәлім қайраткерлік харекеттерін айтып «сыр сандықтың» көптеген сырларын әсерлі ақтарды. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік Университеті қазақ филиолгиясы кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек Сәкен ақынның сан қырлы шығармаларының ерекшеліктеріне тоқталды.

Көкшетаулық белгілі әнші, Ақмола облыстық Үкілі Ыбырай атындағы филармония әншісі Сәрсенбай Хасенов Сәкеннің екі әнін, соның ішінде «Көкшетауын» тамылжыта шырқады. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік Университетінің ректоры, ғалым Марат Сырлыбаев, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин «Сәкен Сейфуллин» мерекелік медалімен марапатталды.

Конференция соңынан ел ағасы Оралбай Әбдікәрімов бастаған мәртебелі меймандарды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ресми қабылдады. Осы арада Оралбай аға өңір басшысы Марат Ахметжановқа «Сәкен Сейфуллин» мерекелік медалін табыстап, бүгінгі конференцияны ойдағыдай етіп ұйымдастырған үшін өз ризашылығын білдірді. Әкім меймандарды өңірдің даму жағдайымен таныстырды. Егін орағы ойдағыдай аяқталып, алты миллион тоннадан астам астық жиналғандығын, мұндай өнім 2011 жылдан бері болмағандығын және астықтың әр гектарының түсімі кей шаруашылықтарды 50-60 центнерден айналғандығын, малға қажетті шөптің екі жылдық қоры жасалғандығын алға тартты.

Күз берекелі, ел ырысты! Әманда жоғымызды түгендеп, Сәкен сынды халқымыздың ұлы перзенттерінің өнегелі де, ғибратты ғұмырын бүгінгі және келер ұрпақтың санасына сіңіру жұмыстары берекелі болғай!

«АРҚАНЫҢ КЕРБЕЗ СҰЛУ КӨКШЕТАУЫ!»
Сәкеннің осы әні мәңгілік шырқала берсін!

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img