Өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде энергия тапшылығының артуына байланысты АЭС салу қажеттілігін айтқан-ды.
Қазіргі кезде жұртшылық осы мәселені қызу талқылауда. Жер-жерлерде тұрғындармен жиындар өткізіліп, түсінік жұмыстары жүргізілуде. Ал осыған қатысты жалпыхалықтық референдум қазан айының 6-жұлдызына белгіленген.
Бүгін, яғни қыркүйек айының 26-сы күні ҚР Мәжілісінің депутаты Наталья Григорьевна Дементьева Целиноград ауданының бірқатар елді мекендерінде болып, тұрғындармен кездесті.
Атап айтқанда, Талапкер ауылының мектеп-гимназиясы мен жалпы орта білім беретін мектептерінде және Қажымұқан ауылының білім ордасында жұртшылықпен пікіралмасу-сұхбат өткізілді.
Жиын барысында лауазымды мейман көмір, электр қуатының тапшылығы жайында сөз қозғап, елімізде АЭС құрылысының маңыздылығын, оның бізге, болашақ ұрпаққа ауадай қажет екендігі атап өтті.
АЭС құрылысы Балхаш көлінің бойындағы Үлкен елді мекеннің жанынан салынбақ. Бүгіндері осы ауқымды жобаны іске асыру үшін төрт ел инвестор болуға дайын. Олар – Қытай, Франция, Оңтүстік Корея мен Ресей мемлекеттері.
Депутат өз сөзінде жалпы алғанда қоғамдастықтың бұл бастаманы қолдап отырғандығын жеткізді. Ғалымдардың ақпараттарына жүгінсек, электр қуаты көмір стансаларында өндіріледі. Бірақ, олардың 70 пайызының тозығы жеткен. Ал елімізде энергия көзін тұтыну жыл сайын 3 пайызға артуда. Сондықтан, Қазақстанға электр энергиясын шекаралас елдерден сатып алуға тура келіп отыр.
Наталья Григорьевна алдағы өтетін референдумға байыппен қарап, дұрыс таңдау жасау керектігін айтты.