Дереккөз : Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.
КӨКШЕТАУ
Түркістан қаласында “Ардагерлер ұйымы” республикалық бірлестігінің көшпелі пленумында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Жолдауын жүзеге асыру міндеттері талқыланды.
Пленумда “Ардагерлер ұйымы” республикалық бірлестігінің төрағасы, Еңбек Ері Бақтықожа Ізмұхамбетов баяндама жасады.
Пленумда сөз сөйледім.
*******
Құрметті Бақтықожа Салахатдинұлы!
Құрметті президиум мүшелері және пленумға қатысушылар!
Қазір жалғыз біздің қазақ елі ғана емес, тұтас әлем тарихтың аса бір күрделі де жауапты кезеңінде тұрғаны ақиқат.
Дүбірлі дүниенің адамзат баласына кезенген небір қаруының оқ дәрісі мен зымырандарының жарылысы жаһан жұртының бейбіт өмірінің берекесін алып тұр.
Бұл орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 20 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 77 сессиясында сөйлеген сөзінде «Тәртіп пен жауапкершілікке негізделген әрі бұрын қалыптасқан халықаралық жүйенің орнын хаос пен болжауға келмейтін жағдай басып жатыр. Жаһандық тежеу мен тепе-теңдік жүйесі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай алмады. Қауіпсіздік архитектурасы жойыла бастады», – дегені еріксіз ойға оралады және осы пікірдің ақиқат екендігіне осы күндері көзіміз анық жетіп отыр.
Тіршілікке төніп тұрған қауіп пен қатерге қарамастан Қазақстан өзінің бейбіт саясатын жүргізіп бағуда.
«Біз әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құрамыз»,–деп жатқан елміз. Қазіргі өзіміздің осы ой-ниетімізге орай алдымызға айқын мақсаттар қойып отырған елміз!
Қазақстандық қоғамда тың әрі жаңа бір өзгерістер серпілісі басталғанын, жақсылықтарды байқамау, сезбеу мүмкін емес қазір.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің (2 қыркүйек 2024 жыл) «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: « Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр»,–деп қазақстандық бүгінгі қоғамның өзгере бастаған бүгінгі болмыс ахуалын атап көрсетіп отырғандығын әбден орынды деп санаймыз.
Қазіргі уақытта қазақстандық қоғам Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты алдағы айдың 6-сы күні өтетін жалпыұлттық референдум қарсаңында тұр.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек»,–деп ел үшін аса маңызды істі қазақстандықтардың өз ырқына тастап отыр.
АЭС салуға қатысты мәселенің қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Талқы қазір де қыза түсуде. Қазақстандықтардың пікірлері де сан алуан. Біреу қарсы, біреу қолдап жатыр.
АЭС-ке қарсылар бұл жобаның қауіптілігін, мамандардың жоқтығын алға тарта сөйлесе, қолдаушылар жағы қазір әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқандығын, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет деген пікірді айтуда.
Өз басым, халықтың пікірін де терең зерделей отырып, көбінесе осы саланың мамандары мен ғалымдардың ойлары мен пікірлеріне көбірек ден қоямын.
Не де болса бұл істің тоқ етерін сол істің өз мамандары айтқаны жөн ғой деп ойлаймын. Ал, мамандар мен ғалымдардың айтқандарынан түйгенім «біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек!»
Өйткені, Қазақстан осы 21 ғасырдың ендігі қалған кезеңінде және алдағы 22 ғасырда әлем бойынша түрлі өнеркәсіп орындары ең көп шоғырланған мемлекеттерінің бірі болары анық.
Жеріміздің кеңдігі… жеріміздің байлығы… әзіргі дамуымыздың кемшін тұстары осындай болжам жасатады.
Қазірдің өзінде Қазақстан экономикасы күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде екендігін, сұранысты тек атом энергетикасы қамтамасыз ете алатындығын мамандар дәлелмен айтып отыр.
Президентіміз өз Жодауында «Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек»,–дегенін ескере отырып, атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылданарына сенімдімін.
Бұл орайда ел ағаларына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
Еліміздің АЭС салу жөніндегі үлкен ісін елдің үлкендері болып қолдайық!