Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Степногорск қаласы тұрғындарымен кездесуін өткізіп, халықты толғандырған өзекті мәселелерге тоқталды және оларды шешу жолдарын қарастырып, осы тұрғыдағы жұмыстарды пысықтады.
–Степногорлықтарды толғандыратын ең басты мәселе – алдағы қыста қаланы жылыту маусымына дайындықтың жайы. Өткен қыстағы жағдайдың қайталанбауы үшін биыл жылу желілерін жаңғырту жұмыстары 7-ші шағын ауданнан басталып отыр. Бұл жылыту маусымының дайындығына әр түрлі бюджет көздерінен шамамен 11 миллиард теңге бағытталуда,– деп атап өткен аймақ басшысы қыста орын алған апатты жоюға көмектескендерге және осы қиын кезеңде шыдамдылық танытқан қала тұрғындарына алғысын білдірді.
Қаланы тұрақты түрде ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де ұзақ жылдар бойы жеткілікті шешімін таппай келе жатыр әрі халықтың тарапынан үнемі сынға ұшырауы да орынды. Өткен жылы магистральдық су құбырында апат орын алып, соған байланысты төтенше жағдай режимі жарияланған болатын. Сол кезде 4-ші шағын ауданның бірнеше көпқабатты тұрғын үйлері де сусыз қалған еді.
– Бұл ахуалды сорғы станциясынан Степногорск қаласына дейінгі магистральдық су құбырларын қайта жаңғырту жайы ғана түзете алады. Ал, бұл жоба өте қымбатқа – 9,2 миллиард теңгеге түскелі отырғандықтан, оны учаскелерге бөлу қарастырылған. Оның маңыздылығын түсінгендіктен, республикалық бюджеттен қаражат күтпей-ақ, кейбір жобаларды тоқтатып, жергілікті бюджет есебінен жүзеге асыра бастадық. Сол сияқты, Шаңтөбе кентінде су құбырын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, –деп атап өтті бұл орайда облыс әкімі.
Тұрғын үй құрылысы саласында да келелі мәселелер бар. Соңғы үш жылдың ішінде қалада небары бір ғана 45 пәтерлі кредиттік тұрғын үй пайдалануға беріліпті, ал, пәтер кезегін екі мыңнан астам адам күтіп отыр. Қаржы тиісті мөлшерде бөлініп, уақытылы берілгенімен, мұнда 2022 жылдан бері салынып келе жатқан тағы бір 45 пәтерлі үйдің құрылысы әлі күнге аяқталмаған.
–Егер қала тұрғындарына жылына бір рет 45 пәтерден ғана үлестірілсе, қазіргі тұрғын үй тапшылығы мәселесін 45 жылдан кейін жабамыз, мұндайға жол бермеймін. Сондықтан, қала әкіміне тұрғын үй бағдарламаларының әлеуетін арттыруды тапсырамын, –деді аумақтағы жайды сынға алған облыс әкімі. Халықпен кездесу барысында әлеуметтік нысандардың жайы да бірнеше мәрте көтерілді. Ал, қала стадионы жайында облыс әкімі:
– «Алтыналмас» компаниясы екі жыл ішінде жаңа нысанды жөндеп, аяқтап беруге міндеттеме алды. Мен бұл жаңартылған стадион халықтың ең көп баратын орнына айналады деп сенемін, –деп жағдайды түсіндірді.
Заводской кентінің тұрғындарының өтініші де назардан тыс қалмады. Ауыл тұрғындары елді мекенде балалар мен жастардың бос уақытын ұйымдастыруға арналған спорт кешенін салып беруді өтінген еді. Марат Ахметжанов мүдделі ведомстволарға бұл мәселенің маңыздылығын мейлінше жеткізіп, мүмкіндігінше оны оң шешуге тапсырма берді. Сонымен бірге, аймақ басшысы «Қоғамдық бақылау туралы» жаңа Заңның күшіне енгенін айтып, азаматтарға мемлекетті басқару ісіне араласуға болатындарын айтты. Степногорск өнеркәсібі дамыған моноқала мәртебесіне ие болса да, ондағы өндірістің жалпы көлемі Зеренді ауданынан кейін екінші орында,яғни, 22,9 пайызды құрайтыны еске салынды. Қалада «Қазақалтын», «Қазақалтын Технолоджи», «Ақсу Технолоджи», «Степногорск ЖЭО», «СГХК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «СТПЗ» акционерлік қоғамы және «Степногорск-Су арнасы» мекемесі сияқты ірі кәсіпорындар, сондай-ақ, 11 орта өнеркәсіп орны жұмыс істейді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қала кәсіпорындарының көпшілігінің қуат жүктемесі 60 пайыздан, ал, жекелеген салаларда 20 пайыздан аспаған.
Аймақ басшысының жеке қабылдауына келген азаматтар қалааралық автобус қатынасын қалпына келтіру, Бестөбе және Ақсу кенттерін абаттандыру, жайылымдық жерлерді қайтару секілді мәселелерді көтерді. Дегенмен, өтініш білдіргендердің көпшілігі әлеуметтік нысандардың жағдайына шағымданды. Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында қала тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, проблемалық ғимараттарды да аралап көрді.