Көрікті Көкшетаудың «Оқжетпес» стадионында Ұлттық домбыра күніне арналған фестиваль ұйымдастырылып, онда 2500-ге жуық домбырашы бір мезетте дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», «Сарыарқа», «Адай» және Абылай ханның «Шаңды жорық» күйлерін орындап, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Мерекелік іс-шараға Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қатысып, дүйім жұртшылықты ұлтымыздың үні – домбыра күнімен құттықтады. Сонымен бірге, өнер мерекесіне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова бастаған Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы, «Көкшетау» мәдениет сарайы, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы, облыстық халық шығармашылығы орталығы секілді бірқатар мәдени-өнер ошақтарының қызметкерлері мен Біржан сал, Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Бурабай, Жақсы, Ерейментау, Есіл, Жарқайың, Зеренді, Шортанды, Целиноград аудандарының домбырашылары атсалысып, ұлттық құндылығымызды дәріптеуге өз үлестерін қосты.
–Қазақтың бүкіл болмысы жыр мен әнде көрініп, тұрмыс-салтты, дәстүрі өлеңмен өріледі, қуанышы мен қайғысы күмбірлеген күй боп төгіледі. Қазақ тарихының өнер әлемінде танымал Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Сүгір, Қазанғап сынды күй қырандарының жолын ұстанған ұрпақтар, күй өнерінің дарабоздары, күйші-домбырашылар күні бүгінге дейін ғасырдан ғасырға ұласқан бабалар дәстүрін жалғастыруда.Рухани байлығымызды жаңғыртып, өскелең ұрпақ санасына ұлттық құндылығымызды сіңіру мақсатында Ұлттық домбыра күні белгіленген болатын. Бүгінгі домбырашылар фестиваліне облыстың түкпір-түкпірінен келген әріптестеріме алғысымыз шексіз, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова облыс әкімі атынан сөйлеген сөзінде.
Қазіргі таңда Ақмола облысында 24 фольклорлық ансамбль, 30-дан астам дәстүрлі әнші, 10 қазақ ұлт аспаптары оркестрі, 12 домбыра үйірмесі және мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша жұмыс істейтін 6 тегін үйірме бар екен.
–Ұлттық домбырамыздың мерекесі «Оқжетпес» стадионында өте жақсы дәрежеде өтіп жатыр. Фестиваль өтеді деген соң, алып ұшып осы жерге жеттік. Домбыра десе ішкен асымызды жерге қоямыз. Ұлттық аспапты жанына серік еткен жастарымыз көбейе берсін. Әр үйде үкілі домбыраның үні күмбірлеп тұрсын, – деді әнші Бисара Мәкенова.
Домбырашылар фестивалін Ақмола облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды.