spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7 C
Kokshetau

«Қазақ тілі қажеті болмаса, не үшін үйрендім?..» деген сөз қандай ауыр еді!..

Сондай-ақ...оқыңыз

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді үйреніп алып, қазақ тілінің көркемдігі мен шұрайлылығын насихаттап, мақтап етіп жүргендерін көргенде іштей қуанасың. Әйтеуір, қазақтың жерінде тіршілігін күйттеп жүргенін түйсініп, мемлекетке құрмет көрсетіп жатыр деп түсінеміз. Ал, кейде олардың кейбірінің тек контент пен хайп үшін үйреніп жатқандарын көзбен көргенде, ішің ашиды, осы кезде күйінеміз. Кейін мейлі, бас пайдасы үшін үйрене ме, жоқ басқа үшін меңгере ме, әйтеуір, қазақтың тілін игерсе болды деп ойлаймыз.   

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде медициналық бөлім ашылғалы Үндістан мен Пәкістаннан студенттер көптеп ағыла бастады. Былтырғы оқу жылының өзінде алғашқы келген лектері оқуын аяқтап, өздерінің жылы мекендеріне қарай бет алды. Мұны неге айтып жатыр десеңіздер, әңгіме осы үндістер мен пәкістандық студенттердің қазақ тілін үйреніп, меңгеріп алуы жайында өрбімекші.

Бірде аталмыш білім ордасының оқытушысы, педагогика және психология магистрі Гүлгүл Ысқақовамен мемлекеттік тілдің қолданылуы мен келешек тағдыры жайында әңгімелескен болатынбыз. Сонда ол шетелдік студенттерге қазақ тілін үйрету барысында ең алдымен үндестік заңын түсіндіретіндігі, кейін лексика-грамматикаға қарай ойысатындығы, олардың қазақ тілін үйренудегі қабылдау қабілеттері жайында баяндады. Сонда бір пәкістандық студент, есім-сойы Сабих Ул Хассан екен, елімізді дүрліктірген коронвирустың өршіп тұрған уақытында медицина факультетіне оқуға түсіпті. Індет ырыққа көнбей, өршіп тұрған соң, олар бірінші курсын қашықтықтан онлайн оқыпты. Бағдарлама бойынша Гүлгүл Жеңісқызы үйреткен сөздерді тез жаттап, грамматиканы тез меңгеріп алып, еркін сөйлеуге талпынып, әр берген тақырыпты шама-шарқынша мазмұндап, тілді игеру үшін бар күш-жігерін салыпты. Жалпы, үндістандық және пәкістандық жастар 3-4 айдың ішінде 500-дей тілдік бірліктерді жаттап алып, оларды тәжірибеде қолдануға тырысады екен. Тіпті, өздері бізге мынадай сабақ беріңізші деп, игере алмай жатқан тақырыптарын сұрап оқиды екен. Сөйтіп, әлгі баланың ынтасы мен алғырлығына мән беріп, оны ұстазы халықаралық олимпиадаға дайындапты.  Нақты айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған шетелдік студенттер арасында қазақ тілінен өткен І Халықаралық олимпиадаға қатысып, медицина факультетінің сол  кездегі 1 курс студенті Сабих Ул Хассан жүлделі екінші орынға ие болыпты.

Міне, осылай қазақ тілін барынша меңгеріп, еркін сөйлеуге тырысып дайындалған Сабих Ул Хассан екінші курста Қазақстанға, оның ішінде біздің Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне оқуын жалғастыруға келеді. Өзінше тілді білетіндігіне сенімді шетелдік студент мұндағы қазақ тілінің қолданылу аясының тарлығын, оған деген сұраныстың төмендігін көріп, беті қайтады. Сонда бір жыл бойы онлайн сабақ берген ұстазы Гүлгүл Жеңісқызына келіп:  «бұл елде қазақ тілін білу аса қажеттілік тудырмаса, оны үйрену қажет болмаса, не үшін үйрендім» деп ренжіпті. Сонда әлгі мұғалім өзін қоярға жер таба алмай, ұялғанын айтады.

–Дүкенге барып, нан беріңізші, сүт қанша тұрады деп сұрап жатсақ, қазақ сатушыларының өзі орыс тілінде жауап береді. Көшеде де өзімізге қажетті бір мекемені іздеп сұрай қалсақ та, орысша айтқанша ешкім жауап бермейді. Сосын гугл-аудармашыға сүйеніп, орысша жазып, түсіндіреміз. Қажет болмаса, тілді қолдана алмасақ, үйренудің қажеті қанша дейді кейбір студенттерім әлі де, –  дейді Гүлгүл Жеңісқызы. Мұндайда ұстаз өз ұлтының намысы үшін: «Қазақстанда тұрып жатқан әр азамат осы елдің тілін, ата дәстүрі мен салтын білуі міндетті. Сондықтан, қазақша сұрай беріңдер, олар өздері кейін үйреніп алады» дейді екен.  Ләйім, солай болсын!

Жақында әлемжеліде орыс қызының «қазақ тілін құрметтемеймін, қажетсіз тіл» деп шулатқанын көрдік. Ол қызды әкімшілік жауапкершілікке тартатын заң нормасының да болмай шыққаны  намысқа батады. Қазақ елінде тұрып жатқан осындай пасықайларға өз тілімізді мазақ еткізіп қойғанымыздың басты себебі – отыз жылда мемлекеттік тіл мәртебесінің артуына ел басындағы шенді-шекпенділердің ауыз толтырып айтатын ешқандай іс-шара жасамағаны, тілдің артында ұлттық тұтастық пен діл тұрғанын ойламауы деп түсінемін.  Өйткені, билік басына тек орыс тілін білетін, адами түсініктері орыс тілінде қалыптасқан, ұлттық ділден, ұлт тарихынан жұрдай, заңды орысша ғана жазатын, мәңгүрттенген адамдар мен Кеңес одағының сарқыншақтары барды. Нәтижесі міне, әлгі тілімізді мазақ еткен атшулы қызға ешкім ешқандай шара қолдана алмады.

Ал, біле білсек, тіл –тірегіміз, тіл –соғып тұрған жүрегіміз емес пе?! Бүгіндері мемлекетіміздің Парламент Мәжілісіне жаңадан барған депутаттарымыз мемлекеттік тіл деп шырылдап жатыр ғой, әйтеуір, солардан бір нәтиже шығар деп үміттенеміз. Сол үмітімізді үзбейік. Келесі жылдан бастап, елімізде қолданысқа енгізілетін заңдар қазақ тілінде жазылмақшы.

Әйтеуір, сондай сөз бар. Рас болса, жарады. Бірақ, сол заңдар қазақ тілінде жазылғанымен, ұлт мүддесі, халықтың қамына орай жазылса игі…

«Әлем бізді құрметтесін десек, өз ұлтымызды және ұлттық бейнемізді алдымен біздің өзіміз бар сезімімізбен, ақыл-ойымызбен, іс-әрекетімізбен құрметтеуіміз керек. Өзінің ұлттық бейнесін таба алмаған ұлттардың басқа ұлттарға жем болатынын біліп қойғанымыз жөн» дейді өзінің түрік болып туғанын мақтан етіп өткен Ататүрік. Иә, осы ұлт болып сақталып қалудың нақты бір әрекеті – біздер өзіміз ана тілімізді құрметтеп, ардақтап, елімізде тұрып жатқан басқа этнос өкілдеріне үйретіп қана қоймай, оны қадірлеуге, мазақ етпеуге, қастерлеуге жол көрсетейікші.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img