«Бизнесті тексеру – бұл айналып келіп, бір қақпаға соға беретін доп ойыны емес» деген тақырыпта жазылған газет бетінде бір мақаланы көзім шалды» дейді А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Сайкен Айсин.
Оның осындай бір мәселелерге қатысты «сіздердің жұмыстарыңызда тексеріс жүргізілуі мүмкін» деген кәсіпкерлерге айтып отыратын кеңестері дәл келуімен құнды. Егер сіз кәсіпкер болып, оның кеңестеріне ден қойып, сол бойынша әрекет етсеңіз, Сізді тексеруге келген тексерушілерге батылсыздықпен қарай алмайсыз. Себебі, олардың талаптары шамалы ауытқитын болса, тексеру нәтижелері жарамсыз деп танылуы мүмкін. Сонымен қатар, тексеріс барысында бұзушылықтарға жол берілсе және тіркелсе, тексерушінің өзі жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Талаптардың әрқайсысы тиісті заң нормаларынан, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінен туындайды.
Осыдан кейін бұл талаптар қоғамдық бақылаушыларға қаншалықты қатысты деген сауал туындайды. Олар қазір әртүрлі нысандарда, соның ішінде мектеп асханаларында да көп. Міне, Сайкен Бақытұлымен әңгімеміз осыдан басталды.
– Қоғамдық бақылауға қойылатын талаптар санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, төтенше жағдай, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдарына қарағанда біршама өзгеше. Сондықтан, қоғамдық бақылаушылар, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бақылау туралы» Заңын басшылыққа алады. Онда мемлекеттік органдардың қызметін бақылауға жұртшылықтың белсенді қатысуына мүмкіндік беретін тетіктер ұсынылған. Қоғамдық бақылау жүргізілетін орындарға мемлекеттік органдар, атқарушы мемлекеттік билік және жергілікті мемлекеттік басқару мекемелері, мемлекеттік емес мекемелер, квазимемлекеттік сектор субъектілері, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне кіретін дербес білім беру ұйымдары кіреді. Сондықтан, жеке кәсіпкерлер мен толығымен жеке меншікке өткен ұйымдарға қоғамдық бақылау жүргізілмейді.
–Сонда жеке меншік балабақшаларды, дүкендерді қоғамдық бақылаушылар тексере алмай ма? Біз дұрыс түсіндік пе?..
–Иә, дәл солай. Бұған дәлелдер де бар. Мысалы, 2022 жылы Целиноград ауданы Талапкер ауылының екі тұрғыны өздерін жергілікті қауымдастықтың мүшелері ретінде таныстырып, сол елді мекендегі балабақшаларды тексермек болады, оның ішінде мемлекеттік те, жеке меншік те балабақшалар бар. Бұл білім ордаларының аумағына кіре алмағандықтан, олар ондағы тәрбиеленушілерінің ата-аналарын прокуратураға, санитарлық-эпидемиологиялық қызметке және білім бөліміне шағымданып, арыз жазуға шақырған, осылайша арантадушылық қылықтар жасаған. Сөйтіп, Талапкер ауылының жеке меншік балабақшаларының құрылтайшылары бұл келеңсіздікті тоқтату үшін алдымен сол «тексерушілерді» «Аманат» партиясының жергілікті жердегі бөліміне шақырған, бірақ, белгісіз бір себептермен олар келмеген, содан кейін қоғамдық бақылаудың не екенін, оның шекарасын түсіндіру үшін көпшілікті екі рет ауылдық Мәдениет үйіне шақырып, жиын өткізген.
Сондай-ақ, биылғы көктемде Түркістан облысының Кентау қаласында бір топ азаматтар жиналып, жергілікті әкімдік қаулысын «жамылып», жеке меншік балабақшаларға тексеріске кіруге тырысқан. Олардың негізгі талабы – балабақшалардың әжетханаларын мүгедектердің қоғамдық пайдалануы үшін қолжетімді ету. Әрине, олардың ойы іске аспайды деп сөз бере аламын. Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бақылау туралы» Заңының нормаларына сәйкес, балабақшалар меншік нысанына және мемлекеттік тапсырысты алуына немесе алмауына қарамастан, қызметі қоғамдық мүдделермен байланысты орталық немесе жергілікті атқарушы органдардың функцияларын орындаушылар болып табылмайды, сондықтан, олар қоғамдық бақылауға алынбайды.
Мектеп асханаларына қатысты айтар болсақ, қоғамдық тамақтану нысандарын тек санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары ғана тексеруге құқылы, өйткені, олардың арнайы білімдері және қажетті сынамалар мен өлшеулер жүргізуге арналған зертханалары бар, ондағы жабдықтарды меңгерген. Сонымен бірге, олардың медициналық рұқсаттары да бар. Бұл тексерушілердің өздерін де қандай да бір инфекцияның тасымалдаушысы болуынан сақтандырады.
–Бірақ, әлеуметтік желілерде «балаларды мерзімі өткен шұжықпен тамақтандырған», «аурухананың компотында құрт жүр» деген тәрізді шулы жаңалықтар жүреді ғой. Оған не айтасыз?
– Мұндай фактілер уәкілетті органдардың тарапынан жүргізілетін тексерістерге себепші болады. Өкінішке орай, қазір мұндай жағдайда ресми, тиісті түрде рәсімделген арыз-шағым талап етілмейді. Тексерушілер әлеуметтік желілерде жарияланған фотосуреттерден кейін бірден келіп, тексеріс жүргізіп жатады. Ал, мұны кім, қашан және ең бастысы, не үшін жариялағанын анықтамайды. Бұл жерде бәсекелестіктің арам пиғылы да жатуы мүмкін екендігін ұмытпауымыз керек. Бәлкім, сол суретті түсіріп алған адамның асхана қызметкерімен жеке есебі бар шығар. Ол жағына мән берілмейді.
–Дегенмен, қоғамдық бақылаушы қандай ережелерге бағынуы тиіс?
–Барлығы заңда көрсетілген олардың міндеттеріне заңнаманы, құқықты және қоғамдық бақылау объектілерінің заңды мүдделерін сақтау кіреді. Сонымен бірге, объектіні алда өткізілетін тексеріс туралы алдын ала хабардар ету, оларға бұзушылықтардың орын алуына әсер еткен себептер мен жағдайларды жою жөніндегі шаралар туралы ұсыныстары мен тиісті уәкілетті органдардың бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайлар туралы ақпаратты қамтитын қорытынды құжатын жіберу қажет. Әрине, бұл жерде жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды, қауіпсіздік шараларын және қоғамдық бақылау объектісінің белгіленген жұмыс режимін сақтау керек, мүдделілер қақтығысына жол бермеу қажет. Бұдан әрі қорытынды құжатты, сондай-ақ, қоғамдық бақылау объектілерінің дәлелді жауаптарын өздерінің Интернет-ресурстарына орналастыруы тиіс және олардың келісімінсіз дербес деректерді өңдеуден бас тартуы қажет, сондай-ақ, қоғамдық бақылау объектілерінен алынған заңмен қорғалатын құпия мәліметтер жарияланбауы керек.
– Талаптары соншалықты көп екен, тексеруге және бақылауға ұмтылатын қоғам белсенділерінің саны бұдан кейін азайып кетуі мүмкін ғой.
– Мүмкін. Бірақ, қоғамдық бақылаудың бірнеше түрі бар екеніне назар аударғым келеді. Мәселен, бақылау объектісінің аумағы мен үй-жайларына бармай-ақ талқылау, сараптама, қоғамдық мониторинг жүргізу және объектінің аумағы мен үй-жайларына барып мониторинг жүргізу секілді түрлері бар. Сонымен бірге, бұл бақылаулар бір уақытта бірнеше нысанда жүзеге асырылуы мүмкін.
Байқағаныңыздай, бәрі нысанға барумен ғана шешілмейді, мүмкін ол ең тиімді түрі де емес шығар. Қалай болғанда да, бәрі қоғамдық бақылау тобын құрудан басталуы керек. Оның құрамы хаттамамен ресімделуі қажет. Қоғамдық тыңдаулар өткізілетін уақыты мен орны туралы бақылау өткізілетін объектілер міндетті түрде хабардар болуы тиіс. Соныңда тиісті түрде ресімделген нәтижелер, қорытындылар, ұсыныстар да болуы қажет. Бұл туралы қоғамдық бақылауды басқа түрде өткізетін болса да хабарлап отыру керек. Егер ұсынылған құжат толық зерделегеннен кейін қаралған объект қорытындылармен келіспесе, онда қосымша тыңдаулар өткізілуі тиіс.
Мониторинг объектіге барып немесе бармай жүргізілетініне қарамастан, шектеусіз адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын қоғамдық бақылау объектілерінің актілері мен шешімдеріне қатысты ақпаратты жинау, қорыту және талдау бойынша орасан зор жұмысты талап етеді. Бұл, әрине, «келдік, көрдік, жазаладық» дегеннен әлдеқайда қиындау. Бірақ, дәл осы формалар тексерілетіндердің жұмысын жақсарту үшін тиімді. Жалпы алғанда, қоғамдық бақылаудың бар мәні осында.
Сұхбаттасқан Нина МИТЧИНОВА.