«Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет. Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ, Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет» деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің 6 сәуірдегі халыққа арнаған үндеуінде.
Міне, 20 күннен асты апаттық жағдайдың басталғанына. Осы уақыт ішінде, журналистер мен тілшілер де осы жағын айтып, сөз етуде. Электронды БАҚ, әлеуметтік желі – су тасқыны туралы ақпаратқа толы. Биылғы еліміздегі су тасқыны көлемі жағынан соңғы сексен жылдағы ең ірі табиғи апат деп танылды. Әуелі соңғы күндердегі жағдайға тоқталып өтейік. 18 сәуірдегі жағдай бойынша республикадағы су басқан он облыста жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланған. Рас, қазір бірқатар өңірлерде жағдайдың тұрақталуына байланысты төтенше жағдай режимі күшін жойды. Жүргізілген су тасқынына қарсы іс-шаралардың арқасында 18651 адам өз үйлеріне оралды. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 117694 адам, оның ішінде, 43931 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 113852 ауыл шаруашылығы жануары қауіпсіз жерге орналастырылды. Бүгінгі таңда 4216 тұрғын үй мен 2698 ауладан судың бағыты бұрылды. 10,1 миллионнан астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылса, 3,2 миллион қапшық және 1,4 миллион тонна инертті материал төселді. Орын алған апат салдарынан Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5718 жеке тұрғын үй, 1130 аула су астында қалуда. Тасқыннан 66 автожолды су шайып, су жүрген 61 автожол анықталған. Олардың арасынан 10 көпір, 56 жол төсемі кезекшілік бақылауға алынған. 60 елді мекен көлік қатынасынсыз қалып, оларға қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорлары әуе жолдары немесе қайық арқылы жеткізілуде.
Қазіргі уақытта, күн-түн демей құрылған жедел штабтар мен Төтенше жағдайлар, Азаматтық қорғаныс мемлекеттік жүйесінің қызметкерлері су тасқыны салдарын жою, су тасқынына қарсы іс-шараларды, апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда. Жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорлары мен гуманитарлық көмек дайындауды да қолға алды. «Көп түкірсе көл» дегендей, еліміздің түкпір-түкпірінен, шет елден де су басқан өңірлерлерге гуманитарлық көмек ағылуда. Президентіміздің нұсқауы бойынша әлеуеті бар бизнес өкілдері, кәсіпкерлер және бірінші, екінші деңгейдегі банкілер, қоғамдық қорлар, серіктестіктер зардап шеккен аймақтарға қолдау көрсетуге тартылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Осындай қиын жағдайда халқына қалқан болып, бар күш-жігерімен су тасқынымен күресіп жатқан азаматтарымыздың еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Осы ретте, «жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі», – деген Мемлекет басшысының Үндеудегі сөзі де, халықтың көңіліне көп медеу болды. Осы үндеуден кейін, әр облыста апаттан келген шығынды есептеу үшін комиссиялар құрылып, жұмыстарын бастаған еді.
Сондай-ақ, көз көріп, құлақ естіген нақты ақпараттар арқылы су тасқынының орын алуының себептеріне тоқталайық. Құзырлы органдар мен жауапты басшылар әуелгі себепке, наурыздың соңғы күндерінде ауа райының күрт жылынып, қыстайғы түскен мол қардың аяқ асты еруін алға тартады. Және де өткен жылы күздің аяғындағы тоқтаусыз жауын-шашыннан топырақта мұз қабаты пайда болған. Сол себепті, еріген қар суы топыраққа сіңбей, күн сайын жиналып, ақыры, өзендердің арнадан асып-тасуына, су қоймаларының толуына, көлдердің орнауына әкелді. Бұл себептерді орынды десек те, жаратылыс заңында көктемде күннің күрт жылуы табиғи құбылыс. Бар болғаны, «қолымызды мезгілінен кеш сермедік». Енді, табиғатты сылтау қылу орынсыз. «Апат айтып кемесе де, қайтып келетінін» білуіміз керек еді. Бұны тілге тиек еткеніміз, республикада су тасқынының алдын алу шараларының іс жүзінде жасалмауы. Естеріңізде болса, бұл туралы 20 ақпандағы үкімет отырысында Премьер-Министр айтып өткен болатын.
– Министрлік (Төтенше жағдайлар министрлігі) жыл сайын «Көктем» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында су тасқыны кезеңіне дайындықты пысықтайды. Барлық өңір толық дайын екенін баяндайды. Алайда адамдар зардап шегіп, ғимараттар мен инфрақұрылымды су алып жатады. Демек, жаттығулар шартты түрде өткізіледі. Тек қағаз жүзінде дайын болған болып шығамыз. Бізге тиімді шаралар қажет, – деген Олжас Бектенов. Бұл түсінікті толықтырып, су тасқынына байланысты өткізілген шұғыл кеңесте Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев, «Үкімет пен әкімдердің жұмысы немқұрайлы, кәсіби міндетіне сәйкес келмейді», – деп сынға алған еді. Оның айтуынша, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмаған. Осы жиында, бірнеше жауапты тұлғаларға сөгіс жарияланып, ескерту берілгені де анық. Ендеше, су тасқынының осыншама ушығуына алдын алу шараларының тыңғылықты атқаруылмауы тағы бір себеп бола алады.
Сонымен бірге, Қазақстанда жылда қайталанатын су тасқынынан кейін қоғамда суды тиімді пайдалану мәселесі жиі айтыла бастады. Ернеуінен асып жататын өзен-көл мен еріген қар суы әбігерге салатын кей аймақтар жазда қуаңшылықтан зардап шегеді. Осы орайда, сарапшылар көктемдегі қар суын жинап, жаз мезгілінде пайдалануды ұсынып жатыр. Елді тасқын мен қуаңшылықтан құтқара алатын технология бар ма? Қазақстан суды қаншалықты тиімді пайдаланып жатыр? Осы сұрақтарды бір қарастырып көрейік. Су ресурстары министрлігінің дерегінше, республикада 1500-ге жуық гидротехникалық құрылыс бар. Оның 537-сі жөндеуді қажет етеді. Олардың көбі су тасқыны қаупі бар облыстарда орналасқан. Міне, еліміз бойынша осы құрылыстар мен су ресурстарындағы су қоры 100 миллиард текше метрді құрайды. Қазір билік 20 су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Алайда бұған қатысты су мамандары арасында біржақты пікір жоқ. Бірі «су қоймасы тасқын мәселесін шешуге көмектеседі десе, екіншісі су қоймасы көлемді қаржы шығынын қажет ететіндіктен, ол қаражатты бар технологияны жаңартуға, жөндеуге жұмсаса әлдеқайда тиімді болады» дейді. Жаңасын салса да, ескісін жаңартса да су қорын сақтайтын орынның елімізге ауадай қажет екені, күннен-күнге айқындалып келеді. Бұл мәселе, Мемлекет басшысының су тапшылығы орын алуы мүмкін екенін айтып, су ресурстарын басқару туралы берген тапсырмасына да сәйкес келеді. Өкініштісі, су жоқ деп зарлаймыз. Сөйте тұра, көктемде қарғын судан зардап шегеміз. Әлемдегі тәжірибесі бар, су тапшылығына ұшыраған елдер жаңбырдың әр тамшысын, қарды да жинайды. Ал, біздің өңірлерде су өзенмен ағып басқа елге кетеді. Мысалы, Ертіс арқылы жылына 23-25 миллиард текше метр су сыртқа шығады. Ал, бұл суды елімізде сақтай алсақ, ауқымды ауыл шаруашылығы жерлерін суаруға жететін еді. «Алланың берген несібесін дұрыс пайдалана алмау» деген осы шығар.
Айта кетейік, жоғарыда айтылған 20 су қоймасының бірі облыстардың аумағына салынатыны белгілі болды. Оны таяуда Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады. Министрліктің ақпарынша, Ақмола облысында «Есіл» су реттегішін салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмысын аяқтаған. Нысан Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы елдімекендерді су басу қаупін азайтуға, сондай-ақ, Ақмола облысының жалпы ауданы 25 мың гектар суармалы жерлерін сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оған қоса, су реттегіші Есіл өзенінің төменгі ағысы арқылы су тасқынының бір бөлігін қауіпсіз өткізу үшін суды ұстап тұру немесе қайта бағыттау және Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және Петропавл су қоймаларының тұрақты жұмысы үшін қажет.
–Жоба құжаттар әзірленгеннен кейін мемлекеттік сараптама қорытындысын алу үшін тиісті мекемеге жіберіледі. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы осы жылдың бірінші жартыжылдығында дайын болады деп күтіліп отыр. Нысанның құрылыс жұмыстары 2025-2027 жылдар аралығында іске асырылады», – деп мәлімдеген Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов. Келер жылдары елімізді тағы қандай табиғат құбылыстары күтіп тұр. Осы ретте, оның нәтижесі не болады? Жауабы жұмбақ…
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ.