Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Көкшетау қаласының 1 мектебінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мұғалімі Біржан Қайыр. Ол Ақмола облысы Біржан Сал ауданында 1994 жылы ұстаздар әулетінде дүниеге келді. Бала кезінен бастап ана тіліне деген ерекше махаббатпен өсті, жастайынан кітап пен көркем әдебиетке құмар болып, оның ішінде орыс әдебиетіне аса қызығушылық танытқан. Алтыншы сыныптан бастап Көкшетау қаласының дарынды балаларға арналған мектеп интернатында білім алды. Дәл осы мектепте оқып жүргенде болашақ мамандығына деген қадамдар жасай бастады. 2016 жылы Абай атындағы Алматы педагогикалық қазақ университетін тәмамдаған.
– Ұстаздық жолға тусуіме отбасылық дәстүр себеп болды, менің атам, әжем мен ата – анам – мұғалімдер. Мектепте оқып жүргенде қазақ тілінен ғылыми жобалар қорғап, олимпиадаларға қатысып, белсенді болдым. Мемлекеттік тіл мен сауатты жарнамаларға, баннерлердегі қателерге деген қызығушылығым сол жылдары қалыптасты. Қате жазылған көрнекі ақпаратты көргенде өзімді жайсыз сезінетінмін. Оны дереу жазып алып, қатемен жұмыс істеу – менің азаматтық міндетім. Мектепте оқып жүргенде осы тақырыпта ғылыми жобалар жаза бастадым, оның ішінде Қазіргі жастардың тіл мәдениеті деген жоба болды, оның бір бөлігін осы сыртқы жарнаманың жастар тіліне ықпал ететін әсеріне арнадым, – дейді Біржан.
– Сыртқы жарнамасы сауатсыз жазылған ең бірінші баннер есіңізде ме?
– 2010 жылы мен Коктем мөлтік ауданында тұратынмын, сол жердегі бір дүкенде азық – түлік деген сөз тіркесі қате жазылып тұрды, ол кезде, біз кәсіп иелеріне бұл фактілерді хабарлап айтпайтынбыз, белсенді жұмысты қандай сөздерде ең көп қате жіберілетінін анықтайтын статистика үшін жасайтынбыз. Зерделеу жұмыстарының нәтижесінде сол жылдары ең көп қателік азық – түлік деген сөзде болды, ол кейде дефиссіз жазылады, кейде қосылып жазылып кетеді, немесе қ ның орнына к әріпі кетіп қалатын.
– Осындай сыртқы жарнама саласындағы қателіктерді болдырмау үшін қандай шаралар қолданылуы қажет?
– Кейбір кәсіпкерлер тіл туралы заңды білмегендіктен осындай жағдай қалыптасқан. Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының бөлімдері осы бағытта жұмыс жасайды, олар жарнама агенттіктерімен арнайы сыртқы жарнаманы жариялау шаттарын үйрететін ақпарат таратады, ол ережелер тіл туралы заңнан алынған. Осы бағытта жарнама агенттіктерімен көбірек жұмыс жүргізу керек деген ойламын, оған қоса, ол мекемелерде міндетті түрде сауатты, тіл мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнын бітірген аудармашы мамандар болуы керек. Аударма жасағанда да көп нәрсеге мән берілуі : қазақ менталитетіне сай болуы керек. Айта кетсек, өзге өңірлерде диалектке сай аудармалар бар, менің ойымша, ондай жарнамаға рұқсат беруге болады, себебі, әр облыс тұрғыны өзінің қаласындағы жарнаманы түсінуі керек. Тіпті кейбір сыртқы жарнама әзіл ретінде креативті түрде жарияланады.
– Сіз сауатты жарнама тақырыбында бірнеше облыстық және республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орынға ие болдыңыз. Сол туралы толығырақ айтсаңыз.
– Ең бірінші рет мен облыстық Сауатты жарнама байқауына қатысып, бірінші орынға ие болып, республикалық конкурсқа жолдама алдым, онда да жеңіске жетіп бірінші орынға ие болдым, былтыр да дәл осы облыстық байқауда жеңіске жетіп, республикалықта екінші орын бұйырды. Бүгінгі күнде байқау аяқталды, бірақ сол бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда, ерікті ретінде қате көріп қалсам Ішкі саяаст басқармасының маманы Мөлдір Әуелбекқызына хабарласып, мағлұмат беремін, ары қарай ол кәсіп иесіне хабарласып, қатемен жұмыс жасауға кіріседі.
-Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту үшін ұстаз ретінде қандай шаралар ұсынасыз?
– Тіл – ұлттың жаны, оны сыйлау – әрбір азаматтың міндеті. Біріншіден орта болуы керек, көп сөйлеу керек, лексика мен грамматикаға қоса, тіл әрдайым қолданыста болуы керек. Мен орыс сыныптарына қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін беремін, әр сабақта тақырыпты өткеннен кейін оқушылар бір – бірімен қазақша сөйлеседі, диалог пен монолог жүргіземіз, айтылымға көп көңіл бөлеміз. Одан кейін тыңдалым, оқылым мен жазылым бағытында жұмыс жасаймыз. Жаңа креативті жолдармен қызызушылық орнату керек, ережені жаттай бермец қазақша караокеде ән айтып, ойындар өткізіп, басқа да қызықты идеялар еңгізіліп, жаңа тәсілдер болуы керек деген ойламын.
Қорытындылай келе Біржан Ақмола облысының мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі зор екеніне көзіміз жетеді. Осындай білімді, білікті, отансүйгіш азаматтар арамызда көп болса деген үміттеміз.