Кеше облыс әкімдігінде облыстық басқармалар мен департаменттер басшыларының, аудандар мен қалалар әкімдерінің қатысуымен шұғыл кеңес өткізілді. Күн тәртібінде облыста су тасқыны кезеңінің өту барысы туралы мәселе қаралды. Өңір басшысы облыста су тасқыны жағдайы күрделі екенін атап өтті.
–Биылғы жылы жауын-шашын өте көп болды, ылғалмен қаныққан топырақ қатып қалды. Егістіктерде нормадан бірнеше есе көп қар жиналды, ол еріген кезде елді мекендерге түседі. Кеше мен ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы Қанат Доспаевпен бірге Қылшақты өзеніне аэровизуалды тексеру жүргіздім, оның барысында ағынның қалыптасуы белсенді жүріп жатқаны анықталды, су өзен арнасына еніп, тасып кетеді. Әлеуметтік желілерде пайда болған су тасқыны туралы көптеген жағымсыз жарияланымдар – әкімдердің халықпен жұмысының нақты көрінісі. Өткен жылдан бері бірнеше рет отырыстар өткізіліп, онда су тасқынына толық дайындықты қамтамасыз ету бойынша міндеттер жүктелді, алайда, жағдай бұл міндеттердің орындалмағанын көрсетіп отыр, – деді М.Ахметжанов.
Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Қанат Доспаев су тасқыны туралы соңғы мәліметтерді баяндады.
–Бүгінгі таңда су тасқыны жағдайы, әсіресе, Целиноград, Аршалы аудандарында және Көкшетау қаласында күрделі болып отыр. Барлық аудандарда су тасқынына қарсы іс-шаралар қолға алынуда. Өзендерден су ағуына байланысты Астрахан, Зеренді, Сандықтау, Атбасар аудандарында қауіп бар. Қосымша күш Жамбыл, Қарағанды облыстарының ТЖД-ларынан және Астана қаласынан келді, – деді Қ.Доспаев
Марат Ахметжанов су басу мүмкіндігін болдырмау үшін барлық құзыретті мемлекеттік органдарға бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды.
–Аудандық маңызы бар жолдарда орналасқан су өткізу құбырларын тазалауды аяқтауды тапсырамын. Төтенше жағдай уақытты таңдамайды. Халыққа жедел және сенімді ақпаратты жеткізу қажет. Тұрғындар өздері тұратын жерде қандай шаралар қолданылып жатқаны және қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы уақытылы хабардар болуы тиіс. Тұрғындары эвакуацияланған үйлерде халықтың мүлкін қорғау үшін блок бекеттер қойылып, тонау фактілеріне жол берлмесін, – деп қорытындылады М.Ахметжанов.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.