Ақмола облысының тұрғындары «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы шеңберінде бүгінгі қоғамда сұранысқа ие жаңа мамандықтарды игеруде. «Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен салтанатты шарада олардың 35-іне сертификаттар табыс етілді.
«Табысты отбасы» жобасы біздің облыста осымен екінші рет ұйымдастырылуда. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының «Samruk-Kazyna Trust» қорының аталмыш жобасы аясында ақмолалықтар бүгінде үлкен сұранысқа ие дәнекерлеуші, СММ, кондитер секілді мамандықтарды меңгеріп, өз кәсіптерін ашуда. Бұл мамандыққа оқыту кезеңінің бір ерекшелігі – жобаға көп балалы және аз қамтылған отбасы мүшелері, жалғызбасты аналар мен әкелер, ерекше баласы бар отбасылар және NEET санатындағы жастар қатысыпты. Олар бір ай бойы қаржылық және құқықтық сауаттылық бойынша трансформациялық шеберлік, консультациялар мен тренингтерден өткен. Оқу қорытындысы негізінде қатысушылардың барлығына қажетті жабдықтар сыйға тартылды.
Жоба қатысушыларына сертификаттарды тапсыруға арналған салтанатты шараға облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева қатысты.
–Мен бүгін Ақмола облысындағы қатысушылардың статистикасын көріп, қуанып қалдым. Жобаға ер азаматтарды қатыстыру жағынан рекорд жасапсыздар. Тізімдегілердің жартысы ер азаматтар екен, оларға өзіне қажетті кәсіпті игеруге мүмкіндік бергендеріңіз үшін рақмет айтамын. Қатысушылардың барлығын оқудың сәтті аяқталуымен және бүгінгі айтулы күнге жетулерімен шын жүректен құттықтаймын, –деді Альфия Адиева.
Аталмыш әлеуметтік жоба шеңберінде кәсіпкер атанған аналардың бірі – Эльвира Мұқашева. Көпбалалы ана үйінде отырып балаларын сапалы, әрі құнарлы тамақтандыруды ойлап, өзі ірімшік пісіре бастайды. Алғашқыда тек өз отбасына ғана, кейін көрген-білген адамдарының өтінішімен дайыпдап беріп жүрген. Содан сұраныс артып, үй жағдайында дайындау ыңғайсыздық тудырған соң, шағын ғимаратты жалға алып, 3 адамды жұмыспен қамтып, ісін дөңгелетуде екен. Айтуынша, өзі сұраныстағы жиырмадан астам ірімшік түрін жасап, қаладағы 10 мейрамхананы өз өнімімен қамтуда.
–Балаларымның дұрыс тамақтануы үшін бастаған ісім оңға басып, кәсіпке айналды. Қазір өзім сияқты аналар қызығушылық танытып, мені де үйретіңізші деп қолқалап, шебер сыныптарын сұрап жатады. Қазіргі уақытқа дейін көпбалалы 15 ананы үй жағдайында ірімшік түрлерін пісіруге үйреттім. Өйткені, бізге қазіргі уақытта дұрыс тамақтану өте маңызды. Дұрыс тамақтану арқылы біз дені сау ұрпақ өсіреміз. Сондықтан, мен осы жолды таңдадым, – дейді Эльвира Мұқашева.
Сонымен, Ақмола облысында жалпы екі кезеңді қосқанда 50 адам кешенді оқытудан өткен. Бірінші лектің қатысушылары Степногорск қаласында оқып, өткен жылдың соңында қажетті жабдықтарын алып, бүгінде табыс тауып жатыр.
– Экономикалық және әлеуметтік салаларды қамти отырып, әлеуметтік білім беру бағдарламаларын іске асыру, кез келген өңірдің дамуына оң ықпал етеді. Ақмола облысының тұрғындарын осы жобаға оқыту жергілікті экономиканы, шағын кәсіпкерлікті дамытуға және өңіріміздің экономикалық әлеуетін арттыруға маңызды серпін береді, – деп атап өтті өз сөзінде Шолпан Рахметуллина.
Салтанатты шара барысында көпбалалы әкелер мен аналар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын «Асыл Аналар» және «Шебер әкелер» атты көрмеге қойып, алған білімдерімен, дағдыларымен бөлісті.