Көкшетау қаласы, #4 мектебінің Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мектеп директоры Хасенова Мәдина Белгібайқызы 21 жыл білім беру саласында еңбек етеді.
– Ұстаз – осынау бір қысқа да қарапайым сөздің мән – мағынасына терең үңіліп қараған адам оның ұлылығын, мәртебесін сезінеді, өйткені ұстаз деген – мейірімділік пен батырлыққа жаралған нәзік, адал жүрек. Ұстаздық жолын таңдаған себебім – ұстаздыққа ғашық болған жандардың арасында туып – өстім. Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай білген бүгінде о дүниелік ұлы атам Қойшыбай Хасенұлы есімде. Қырық жылдан астам білім берудің әр саласында еңбек еткен атам – елдің, шәкірттердің құрметіне бөленген және өз білімін, рухани қазынасын атадан балаға, баладан – немереге мұра етіп қалдырып кеткен. Міне, сол сусындаған бұлақтан мен күш – қуат алдым. Ол кісінің жолын жалғастыру, кірлетпей, көлеңке түсірмей өту – мен үшін өте жауапты іс және өмірлік іс екеніне күмәнім жоқ. Атамның ізімен өзінің екі қызы, кейін төрт немересі басты. Қазіргі күні шөберелері де ұстаздыққа келді. Бала күнімнен ұстаздыққа жаны құштар жандардың ортасында өскен себепті менің жан – дүнием ұстаз болуды армандады. Жыл өткен сайын өзімнің ұстаздық қалыптасуыма көзім жетті. Мен үшін ұстаз болу – өз ісіңнен жанға азық, көңілге қуат, ақылға арқау, сезімге нәр алу деген сөз. «Ұстаз» деген сөз барша адамзат үшін «Мейірімділік», «Қамқорлық», «Махаббат», «Адам» деген қасиетті ұғымдармен бір қатарда тұрады. Өзім де адам болып жаратылғандықтан шәкірттерімді надандықтан аулақ болуға тәрбиелеймін. Олардың көздерінде тек қызығушылық, мейірімділік пен білімпаздық оты ойнағанын көргім келеді. Және соған жүрегімнің бар жылуын, бар отын беріп ұмтыламын. Ұлы дала баласы Абай бабамыз айтып кеткендей: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Осы сөздердің мәні, жаны қандай керемет десеңші! Иә, ұлылықтың бастауы ұстазда, – деп айтады Мадина Хасенова.
Оған куә боларлық мына сөздер есіме түсіп отыр: «Мен өз ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін, әкемнен өмір алсам, Аристотель мені өмір сүру мектебінен өткізді», – деп ұлы А. Македонскийдің өзі ұстаз алдында бас иген.
Ұстаздық әлеміне алғаш қадам басқан сәттен – ақ бар әлемнің алдында өзіме үлкен міндет артқандай болдым. Жүрегіме бір түсініксіз сезім ұялады. Талай түндерді ұйқысыз өткізіп, сан – алуан қиялдарға берілдім. Ұстаз екенімді мақтана отырып, ел тізгігін қолға алған азаматтай болдым. Ішкі дүниемдегі даудың жауабын Елбасымыздың бір айтқан сөзінен түсіндім. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары халқына Жолдау жіберіп, былай деп еді: «Еліміздің ертеңі жастарда, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаз қолында». Осы сөздерді оқығанда жүрегімді бір толқын басқандай болды. Шынында дағы, ел тізгінін ұстайтындардың бірі – ұстаз екен. Балаларға үлкен өмірге жолдама ретінде сапалы білім беріп, олардың маңдайына адамгершілік, парасаттылық, әділеттілік сияқты жоғары мағыналы сезім – қасиеттерді салып берумен ғана шектелмей, ұстаз бар адамзатқа үлгі болатын тұлға. Осы қағидалармен өмір сүретін терең қазыналы білімпаз, адамгершілік пен патриотизмнің жаршысы, нәзік психолог, идеал адамның мүсіншісі – ол Ұстаз. Ұстаз деген есім талай мақтауларға тұрарлық. Сом алтыннан соқса дағы ескерткіш, сол құрметке Ұстаз заты лайықты!.
Жоғарыда айтып өткендей, мен ұстаздық жолына кездейсоқ келген жоқпын. Халқымыздың даналары: «Балапан қыран болу үшін, оны самғатып ұшыратын ата да қыран болу керек», – деген еді. Осыған орай айтарым, менің атам дәл сондай қыран болды. Ұстаздар отбасында өскенім, мен үшін ең үлкен өмірлік мектеп. Атама, үлкен апаларыма қарап адамның шын досы, сүйеніші, қиындықты шешер күші ол – білім екенін түсіндім, сезіндім. Ұстаздар әулетінде өмір сүріп сол бесіктен тәрбие алдым. Өзім атамның, апаларымның жолымен басқаныма мақтанамын. Дәлірек айта кететін болсам: Хасенова Ләззәт Қойшыбайқызы, Хасенова Дана Қойшыбайқызы, Хасенова Гүлжанар Белгібайқызы, Хасенова Аягөз Белгібайқызы. Бәрі де Ақмола облысында ерен еңбек атқарып жүрген бірінші, жоғары санатты мұғалімдер. Өз ісінің шеберлері, өз өлкесінің ерке қыздары, ел құрметтеп алақанына салған азаматтар. Бәрі де елеулі жетістіктерімен көзге түскен. Республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың жеңімпаздары. Арамызда «Халық ағартушысы», «Жыл мұғалімі», «Үздік қазақ тілі мұғалімі» т.б. атақ иегерлері бар. Ал ұстаздар әулетінің басына келетін болсақ, менің алғашқы ұстазым, менің ұлы атам Қойшыбай Хасенұлы өз заманының талай орден, медальдарына ие болған. Дегенмен, атақтары мен жетістіктерін тізбектемейтін ұстаз қауымы үшін марапат, даңқ деген нәрселер еш уақытта да алдыңғы қатарда тұрмаған. Ұстаз үшін өмірлік мақсат ол – соңынан келе жатқан жас ұрпақтың алдында көзін ұяттан төмен түсірмей, Ұстаз есімін мәңгі аластап, жоғары ұстап мән – мағынаға толы өмір сүру, шәкірттерінің жүрегінде жылы із қалдыру.
Мен үшін сабақ беру – жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны таба білетін өнер. Баланы тек білімді ғана етіп өсірмей, оның ішкі, рухани жан – дүниесін әрлеп, нәрлеп қалыптастыру. Баланың жаны – жаңа отырғызған талдай, қисайып өсіп бара жатқанын дер кезінде байқап, алақаныңмен сипап, сындырып алмай түзеу керек. Кіршіксіз ақ жүрегіне қандай сөз жазсаң, сол сөз оның жүрегіне мәңгіге мекендейді. Міне, осыдан түсініңіз – еліміздің күні, болашақ тағдыры ұстаздың алдында отырған шәкіртте. Сол себепті, ұстаздың өз жұмысына немқұрайлы, салқын көңілмен қарауы мүмкін емес.
Өз шәкірттерімнің тәрбиесі түгел болуына ұмтыламын. Ол үшін мен мықты денсаулық иесін, түзу ойлап, дұрыс шешетін, дәл табатын, дұрыс ақыл иесін, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемі түрден ләззәт алатын, жаны толқып шабыттанатын, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын адамгершілігі мол жанды тәрбиелеу менің басты мақсаттарымның бірі. Осы жоғары мақсатқа жету жолында жүрегімнің бар жылуын, бар отын аянбай балаға беруге даярмын. Жүріс – тұрысты, ауыздан шыққан сөзді тікелей қабылдайтын оқушылар алдында ұстаз өзін беделді, ұстамды, әдемі ұстай білуі керек. Себебі, бала ұстаздан, жасы үлкен кісіден үлгі алады, соған еліктеп тәрбие алады. Ал тәрбие деген – мәңгілік категория. Өмірде байлық, теңге, доллар деген ұғымдар бар, бірақ олар келіп – кететін нәрселер. Ал дүниеде мәнді де, күрделі де асыл тас бар ол, әрине, – бала. Оның дұрыс дамуы, жан – жақты, ұғымы кең, адал, еңбекқор болып өсуі ұстаздың қолында.
Халқымның алдындағы ұстаздық борышымды, міндетімді мінсіз орындауға бел буған мен осы күнге дейін сертімнен жаңылмай, өз ортамда әрқашан мейірімділік пен махаббат, білімге деген құштарлықты, адалдық пен әділеттілікті сеуіп келемін. Жүректеріне менің жылуымның дәні түскен оқушыларым да абзал жанды, айбатты да қайратты азамат болатынына сенемін. Аналық жүрегіммен өз шәкірттерімнің биік шыңдарда көрінгенін қалаймын. Елінің жел жағында жүретін патриоттар, өмірде өз орнын тауып, кірпіш болып қаланатынына сенемін.
Әңгімемнің соңында айта кетерім, мен өз жолымды таңдаған кезде, кейін мектептің есігін алғаш рет ұстаз болып ашқан сәттерде қателеспеген екенмін. Менің орным, қажетті де маңызды кірпіш болып қаланған жерім осы – тақтаның алды, оқушылардың мөлдіреген көздерін көру, Ұстазға деген сенімдерін сезіну. Бала кезімнен жүрегіме қоныстаған ұлылыққа деген нәзік сезім жылдар өткен соң мақсатқа айналды. Ал енді, менің өмірімді мәнді, көңілімді әнді қылып, жүзімді сәнді етіп тұратын – менің Ұстазық жолым. Өзімді басқа қызмет иесі ретінде елестете де алмаймын, оны қаламаймын да. «Осы өмірге жылулық, әділеттік, адамгершілік сеуіп келе жатқан, халықты ағарту жолында бар күш – жігерін аямаған абзал жанды, ана жанды Ұстаздарға жол беріңдер»,- деп күллі адамзатқа айтқым келеді.
Қазақстан Республикасының азаматы болып, Ұстаз екеніме, елімнің ертеңін тербетіп жүргеніме, текті бабаның адал ұрпағы болып, өз әулетімнің өмірлік ісін жалғастырғаныма мақтанамын, соған қуанамын. Биыл менің әулетімнің педагогикалық өтілі 250 жылға жуық. Бірақ менің отбасымның педагогикалық тарихы бұл цифрмен тоқтамайды. Себебі, ұстаздыққа деген ғашықтық біздің жүрегімізде және келер ұрпаққа да сол ғашықтықты мұра етіп қалдыру – парызымыз…