Жас ғалымдарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған пилоттық жоба біршама пысықтаудан өтті. Оның критерийлері талқыланып, нарыққа ұсынылып отыр. «Отбасы банк» АҚ Орталық филиалының директоры Жансұлтан Матай Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында осы шарттарға тоқталып кетті.
Тараптар арасында жасалған келісімге сәйкес түрғын үйге арналған жеңілдетілген несиені 40 жасқа дейінгі магистр дәрежесіндегі атағы бар қазақстандықтар ала алады. Сондай-ақ үміткерлер соңғы 3 жыл ішінде ғылыми институттарда ғылыми, ғылыми-техникалық зерттеулерге не болмаса басқа да коммерцияландыруға жататын жобаларға қатысуы міндетті. Бағдарлама аясында кезекке тұрудың қажеті жоқ. Тізімдегі университтер мен институттардың басшылары ғылыммен айналысып жүрген жастарды іріктеп, оларға жолдама береді. Сол құжатты Отбасы банкіне әкелу керек.
«Ол банкке келіп, өзінің төлем қабілеттілігін растағаннан кейін 3 айдан кейін алғашқы немесе қайталама нарықтан үйді өздері іздеп, өздері табады. Басты шарт – сол жас ғалымның өзінің атында не болмаса отбасы мүшелерінің атында үй болмау керек. Яғни бұл тек қана алғашқы үй сатып алуға берілетін көмек деп білуге болады», – деді Жансұлтан Матай.