Кейбір адамдардың «Ауыл тұрғындары кір жуып, кіндік кескен туған жерлерін тастап неге көшеді?» деп таңғалатыны бар. Әрине, әркімге өзі туып-өскен, ата-бабасының құтты қонысы қымбат. Әйтсе де қазығын суырып, үдере көшудің себебі аз емес, деп хабарлайды egemen.kz.
Соның бірі – ауыз су. Ондаған жыл бойы өңірдегі ауыл-аймақты ауыз сумен қамтамасыз ету туралы қаншама жоба жасалып, қыруар қаражат бөлінді. Бар нәтижесін жоққа шығармасақ та, көзден таса, көңілден жырақ қалып жатқан елді мекендер де бар. Тіпті арыз-шағымы естір құлаққа жете бермейтін жырақта жатқан ауыл емес, дәл елорданың түбіндегі елді мекен. Еркіншілік ауылының түтіні түзу ұшып тұрған кезінде ұзын-ырғасы 5 мыңнан аса тұрғыны болған. Ауыз судың азабы жандарына батқаннан кейін мыңға жуық адам көшіп кеткен. Егер мәселе жуыр маңда шешілмесе, жан бағуға жайлы жер іздеп елеңдеп отырғандар аз емес.
Мұндағы халықтың күнкөрісі – негізінен төрт түлік малы. Өзге жерлердегідей жайылымның шөбі сұйылып, шабындықтың құнары кеміп, көлемі де тарылған. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, мал ауруы да төрт түліктің төлінен өсіп, төскейді толтыруына мүмкіндік бермей тұр. Өткен жылы қара мал аусылмен ауырып, қыруар шығынға ұшырады. Малсақ қауымның айтуына қарағанда, дер уақытында аурудың алдын алатын екпе дәрі уақтылы жеткізіліп, егілмеген. Соның салдарынан ақ адал малдарынан айырылып, қоралары босап қалғандар да бар.
Мемлекет тарапынан ауылдағы ағайынның мал өсіруіне мол мүмкіндік берілуде. Жеңілдетілген несиеге де қол жеткізуге болады. Ауыл тұрғындары қолдарынан келетін негізінен осы шаруа болған соң атакәсіпті дамытуға бел буған. Ел ішінде несие алғандар аз емес. Қыруар қаражатқа негізінен қара мал алып, мал басын өз төлі есебінен көбейтуді мұрат тұтқанымен, бір жағы жүген-құрық тигізбей тұрған мал ауруы мүмкіндік бермей, екінші жағынан су тапшылығы алға басқан адымын аштырмай тұр.
Осы уақытқа дейін етек-жеңі кең пішілген ауылды ауыз сумен қамтып келген ескі ұңғыманың түбіндегі сарқыншақ су осыдан екі ай бұрын сыздықтай шығып, кейін мүлдем тоқтап қалды. Бәлкім, жерасты суының арнасында өзгеріс болды ма екен, жоқ әлде су көзі бітеліп қалды ма? Ол арасы ауыл тұрғындарына беймәлім. Қарап отырғанмен күнкөріс түзіле қоя ма, тырбанып екі құдық қазған. Әйткенмен жаңа қазылған құдықтардағы су қоры аз әрі ересен тұзды болып шықты. Ішуге мүлдем жарамсыз. Су сапасы төмендеген сайын ауыл тұрғындары арасында әрқилы ауру пайда бола бастады. Әсіресе асқазан, ішек аурулары, оны аз десеңіз, кейбір тұрғындардың үсті-басын жара басып кетті.
Көлігі барлар ауыз суды іргедегі Еңбек ауылынан тасымалдап күн көріп отыр. Әйтсе де ол ауылдағы құдықтың да су қоры мол емес. Аз уақыт амалдағанымызбен, қыс түсе қыруар мал қолға қараған кезде бір қасық суға зар болармыз деген уайым ауыл тұрғындарын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған. Соңғы құдықтарды 60 метр тереңдіктен қазыпты. Қыруар қаржы, күш-жігер жұмсалғанымен, үміт еткен су шықпаған. Екінші құдықтың тереңдігі 90 метрге жуық. Көз жасындай мөлдіреп су шыққан, бірақ қас қылғандай бұл да тұзды. Ауыл тұрғындары шамамен тәулігіне 400 текше метр су пайдаланады екен. Барлығы бірдей, әрине, алыстан тасымалдап ішуге мүмкіндіктері жоқ. Ал ауыл дүкендерінде ауыз су сатылмайды.
Осы бір халықты әбден қажытып тұрған мәселені облыстық мәслихаттың депутаты Бекім Әкімов көптен бері көтеріп жүр. Аталған мәселені шешуге аудандық бюджеттің қауқары жетпейді. Жалғыз амал – облыстық бюджеттен қосымша қаржы қарастырылуы. Ауыз суды Еркіншіліктен бес шақырым жердегі Еңбек ауылынан жеткізсе, бұл елді мекенде 2018 жылы жерасты суларын барлау кезінде жеткілікті су қоры бар екені анықталған. Ендігі шаруа – су құбырын тарту. Міне, сол кезде жылдар бойы қордаланып қалған, қаны шығып тұрған мәселе бір сәтте шешіліп қалуы ықтимал. Аудан әкімдігі Еңбек ауылынан су тарту стансасын орнатып, бір айдың ішінде су жеткізу туралы ақ түйенің қарны жарылардай сүйінішті хабарды да жариялаған. Кейін бар шығынды екшеп, таразы басына тарта келе, ұңғыма қазу ұтымды деген қорытынды жасаған.
Қалай болған күнде де Еркіншіліктегі ен жұрттың сағы сынып тұр. Ұңғыма қазылғанымен, бұл төңіректегі жерасты суы ішуге жарамсыз болуы әбден ықтимал. Бұрынғысы солай болды емес пе? Кейін қазылған екі құдық та тұзды болып шықты. Демек, тығырықтан шығарар төте жол – тазалығы, ішуге жарамдылығы көрініп тұрған көршінің құдығына иек арту. Бірақ сол ақжарылқап күн қашан туар екен?
Ақмола облысы,
Ерейментау ауданы