Өңірлік коммуникациялар қызметінде Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов ауданның ағымдағы жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде брифинг өткізді.
Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселелері мемлекеттік басымдықтардың бірі. Мәселен, биылғы жылы Атбасар ауданында құрылыс жұмыстарының көлемі 4,8 миллиард теңгені құрады. Нәтижесінде 3,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
– Бүгінгі таңда, жеке инвестордың қаражаты есебінен 106 пәтерлік бес қабатты «Жемчужина» тұрғын үй кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның аяқталу мерзімі 2024 жылдың 1 тоқсанына жоспарланған. Сонымен қатар, тұрғындар 45 пәтерлі жаңа үйден де «Отбасы банкі» арқылы баспана ала алады. Су басу аймағынан тұрғындарды көшіру үшін Атбасар қаласының №1 шағын ауданында инженерлік желілері бар екі жүз пәтерлі тұрғын үй салынуда. Оның құрылысы ағымдағы жылдың 25 қарашасында аяқталады, – деді аудан әкімі.
Ауданда инвестициялық жобалар да жүзеге асырылуда. Мәселен, жалпы құны 5 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаның 10-ы аяқталды, ал, қалғаны жыл соңына дейін іске қосылады.
«Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жалпы сомасы 4 миллиард теңгені құрайтын су құбыры желілерін салу бойынша 5 жоба жүзеге асырылуда, оның 4-еуі ағымдағы жылы және біреуі 2024 жылы аяқталады.
– Степной ауылында халық санының артуына байланысты сорғы станциясы мен таза су қоймаларын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуда. Бұл жоба сумен жабдықтау жүктемесін айтарлықтай азайтады, өз кезегінде 101 жеке үй мен 100 пәтерлік екі тұрғын үйге қажеттілікті өтейді, – деп атап өтті аудан басшысы.
Сонымен бірге, брифингте әкім Адыр стансасында су құбыры желілерін тартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын да жеткізді. Сондай-ақ, оның айтуынша Есенгелді ауылын сумен қамтудың көпжылдық мәселесі шешілген.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.