Биыл мамыр айында ел газеті «Егеменде» «Егіндікөлден ел неге көшеді?» деген тақырыппен күрделі мәселе туралы көлемді мақала жарияланған еді. Онда Нұра су құбырының бойындағы Егіндікөл, Қорғалжын, Атбасар аудандарының 20-дан аса елді мекендерінің тұрғындары 30 жылға жуық уақыт бойы ауыз судың азабын тартып келе жатқанын айтқан едік, хабарлайды egemen.kz.
Мамандардың есептеуіне қарағанда, жарты ғасырдан бері жалпақ жұртты ауыз сумен қамтамасыз етіп келе жатқан Нұра су құбырының 90 пайызға жуығы шірігені де белгілі еді. Сонау Нұрадан бастау алып, Атбасарға жеткенше желі бойындағы судың шамамен 70-80 пайызы шығын болатыны да көрсетілген. Су құбыры жиі жарылатындықтан үш ауданның тұрғындары апталап ауыз сусыз қалатын. Осы жылдың мамыр айында жергілікті маңыздағы төтенше жағдай да жарияланған. Таяуда облыс әкімдігінің баспасөз қызметі сүйінші хабар жариялады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімінің тағайындаған кезде қадай тапсырған алғашқы міндеттің бірі осы болатын.
Облыс әкімі Марат Ахметжановтың басшылығымен комиссия құрылды. Комиссия құрамына Су ресурстары және ирригация министрінің орынбасары, Су ресурстары комитетінің төрағасы, Қорғалжын, Егіндікөл аудандарының әкімдері, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы, Нұра топтық су құбырының өкілдері және басқа да мүдделі адамдар кірді. Желінің жаңа учаскелерін негізгі учаскелерге қосу бойынша нақты іс-қимыл жоспары әзірленді және қосылу мерзімі келісілді. Облыс әкімінің шақыруымен ауданға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов келді. Сол жерде құбырдың тозығы жеткен магистралдық бөлігін ауыстыру технологиясын өзгерту туралы жедел шешім қабылданды. Ұзындығы 337 шақырымды құрайтын су құбыры Егіндікөл, Қорғалжын және Атбасар аудандарының 24 елді мекенін сумен жабдықтаудың негізгі көзі екенін атап өту қажет.
Су құбырын жаңғырту жалғасуда. Ол жерде бірден екі мердігер ұйым жұмыс істейді. 42 шақырым ор қазылды. 11,2 шақырымнан аса құбыр төселді. Өзге де жұмыстар мейлінше сапалы атқарылып жатыр. Кеше Егіндікөл ауылы тұрғындарына жеті айдан кейін алғаш рет ауыз су бере басталды. Енді елдің еңсесі көтерілетін-ақ шығар.